Үздік түлектерге диплом табысталды

Үздік түлектерге диплом табысталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үздік түлектерге диплом табыстау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Алтынбек Нұхұлы, Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжанов, Ермұрат Бәпи, Айдос Сарым арнайы қатысып, жас мамандарды дипломмен марапаттады. 

Сонымен қатар шараға ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми және Директорлар кеңесінің мүшесі Тимур Айсаутов, қоғамдық кеңес мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері де келіп, бітіруші түлектерге сәттілік тіледі. 

Мерекелік кешті ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, жетекші университеттің жетістіктері мен халықаралық беделіне тоқталды: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS халықаралық рейтингінде 166-орында. Ал Азия бойынша QS Asia University Rankings тізімінде 29-орынға тұрақтауы – бұл бүкіл ұжымның, оқытушы-профессорлар құрамының, студенттердің табанды еңбегінің жемісі. Бүгінде университет әлемнің 700-ден астам жетекші жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. Ыстамбұл, Бішкек, Омбы қалаларында университет филиалдары табысты жұмыс істеп жатыр. Бұл ҚазҰУ-дың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті білім ордасы екенін айғақтайды», – деді ректор.

Сондай-ақ университет басшысы ҚазҰУ-дың сан жылдық тарихында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Зейнолла Қабдолов сынды қазақ ғылымы мен әдебиетінің алыптары дәріс оқығанын мақтанышпен атап өтті. ҚазҰУ түлектері арасынан шыққан ел тізгінін ұстаған ірі тұлғаларға тоқталып, жас түлектерді үздік дәстүрді жалғастыруға шақырды.  

Биыл университетті 7080 түлек бітірді. Оның ішінде 5410 студент – бакалавриатты, 1163-і – магистратураны, 507-сі – докторантураны тамамдады. 1404 студент қызыл диплом иегері атанды. 660 шетелдік студент Қазақстанда білім алып, ҚазҰУ дипломымен елдеріне оралғалы отыр. Олар – Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Ресей, Жапония, Индонезия, Иран, Пәкістан, Түркия, Гана және Қырғызстан елдерінен келген білім алушылар. 

Шетелдік түлектер арасынан ауған магистранты Хеджран Абдул қазақ тілінде сөйлеп, «Бүгінгі кешке қатысудың өзі мен үшін үлкен мәртебе. Өзімді ҚазҰУ-дан диплом алған бақытты студенттің бірі санаймын. Білім берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Барлығы үшін мың алғыс саған, ҚазҰУ-ым!» – деп жүрекжарды алғысын білдірді. 

Жапон магистранты Кога Чиаки да ыстық ықыласын жеткізді: «Мен халықаралық қатынастар факультетінің магистратурасын бітірдім. ҚазҰУ маған білім ғана емес, өмірлік құндылықтарды да үйретті. Тамаша достар таптым, қимай тұрмын. Оқытушыларыма шын жүректен алғысымды білдіремін!» – деді магистрант. 

Қазақстандық дзюдошы, спорт шебері Абиба Абужақынова да мінберге шығып, оқуын одан әрі магистратурада жалғастыру ниетін жеткізді. «Университет мен үшін тек білім ордасы емес, тұлға болып қалыптасқан қасиетті мекен. Мұнда алған тәрбие мені әрқашан алға жетелейді», – деді ол тебірене. 

Меймандар да өз сөздерінде түлектерді өмір жолына шығарып салып, кәсіби ортада адалдықпен, жауапкершілікпен еңбек етуге шақырды. «Бүгін біз жүрегіміздің төрінен орын алған Қазақ ұлттық университетінің жаңа бір биігіне куә болып, ерекше қуанышқа бөленіп отырмыз. Осыдан тура қырық жыл бұрын қара шаңырақтың қасиетті табалдырығын аттап, түлеп ұштық. ҚазҰУ – бізге тек білім ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар берген қасиетті орда. Айналайын түлектер, сіздер де енді осы дәстүрді абыроймен жалғастырады деп сенемін. Ел сенімін арқалау – үлкен мәртебе, сондай-ақ зор жауапкершілік. Білімдеріңізді туған еліміздің игілігі үшін жұмсап, әрдайым биіктерден көріне берулеріңізге тілектеспін», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы жүрекжарды лебізінде. 

Сондай-ақ Live Band «Lorenzo» тобы орындаған әндер мерекелік кештің көркін ашты. Жиын соңы жастар биіне ұласты.