Қауіптің алдын алу үшін таудағы селден қорғаудың жайы тексерілді
2025 ж. 22 маусым
123
0

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды таулы аймаққа тікұшақпен шолу жасап, мұздақ көлдер мен селден қорғау инфрақұрылымының жай-күйін тексерді.
Шолу барысында «Медеу», «Үлкен Алматы», «Қарғалы» су бөгеттері мен Ақсай, Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде орналасқан 5 мұздақ көл қаралды.
Қазіргі Алматы таулы аймағында 51 мұздақ көл бар,
• 14-і — жарылу қаупі жоғары,
• 6-ауы — қала үшін аса қауіпті саналады.
Қауіптің алдын алу үшін мынадай шаралар қабылданып жатыр:
• су деңгейін төмендету, арналарды тазалау;
• күшейтілген режим іске қосылды: тәулік бойы бақылау жүргізілуде (31 автоматтандырылған станция, 23 бақылау бекеті, 8 маусымдық нүкте);
• арнайы техникамен жабдықталған кезекші бригадалар жедел іс-қимылға дайын.
Гидротехникалық құрылыстардың (бөгеттер мен тосқауылдардың) техникалық жағдайына ерекше назар аударылды. Жөндеу немесе қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін кешенді тексеріс жоспарланып отыр. Осылайша, таулы өзендердегі көшкін, тасқын және сел қаупі тұрақты бақылауда.
Дархан Сатыбалды Алматыда туризмді дамыту қауіпсіздік шараларымен ұштаса отырып жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.