«Келешек» мектебіндегі техникалық үйірмелер мен шеберханалар: идеядан нәтижеге дейін

«Келешек» мектебіндегі техникалық үйірмелер мен шеберханалар: идеядан нәтижеге дейін

Қазіргі білім беру жүйесінде заман талабына сай, оқушының жан-жақты дамуына бағытталған оқу ортасын қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Осы бағытта Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының қарамағындағы «Қостанай ауданы білім бөлімінің №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі» – инновациялық технологиялар мен шығармашылықты ұштастыра отырып, келешекке сенімді қадам басқан заманауи білім ордасы.

«Келешек» мектебінің басты мақсаты – оқушылардың шығармашылық және ғылыми-зерттеу қабілеттерін дамыту, заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалану арқылы оқыту сапасын арттыру. Сонымен қатар, педагогтардың кәсіби шеберлігі үнемі жетілдіріліп, инновациялық әдістер мен заманауи тәжірибелер оқу процесіне енгізілуде.

Оқушылар мен мұғалімдер үшін қауіпсіз әрі жайлы орта құру – мектеп ұжымының басты қағидаларының бірі. Мектеп өмірі спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралармен байытылып, баланың дене және рухани дамуына ерекше көңіл бөлінеді.

Робототехника – техника мен ойдың тоғысы

Оқушылардың ғылыми-техникалық бағытқа қызығушылығын арттыру мақсатында мектепте заманауи робототехника кабинеті жұмыс істейді. Кабинет қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген: LEGO SPIKE PRIME, REV ROBOTIC, VEX V5, AI Vision Humanoid Robot, сондай-ақ 3D-принтер сияқты құрылғылар бар.

Орта буын оқушылары LEGO SPIKE PRIME негізінде түрлі модельдер құрастырып, бағдарламалау негіздерін меңгереді. Үйірме барысында балалар командалық жұмысқа, инженерлік ойлауға және шығармашылық шешім қабылдауға үйренеді.

Өткен оқу жылында робототехника үйірмесі аптасына екі рет өткізілсе, 2025–2026 оқу жылында бұл сабақтар саны төрт ретке дейін артты. Бұл оқушылардың тәжірибелік дағдыларын тереңдетуге мүмкіндік беріп отыр.


«Былтырғы оқу жылында оқушыларымыз аудандық және облыстық деңгейлердегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болды», – дейді үйірме жетекшісі. Қазір үйірме мүшелері REV ROBOTIC және VEX V5 құрылғыларымен жұмыс істеуді жетілдіріп, республикалық деңгейдегі жарыстарға дайындық үстінде.

Мектеп әкімшілігінің қолдауы арқасында робототехника кабинеті бүгінде оқушылардың технология мен инновация әлеміне жол ашқан шығармашылық орталыққа айналды.


Шеберханалар – еңбектің мектебі

Мектептегі еңбек сабағы әрбір оқушы үшін ерекше тәжірибе болып табылады. Сабақ барысында балалар өз қолдарымен шағын жобалар жасап, практикалық дағдыларын жетілдіреді. Бұл үдеріс олардың тек құралды дұрыс қолдану қабілетін емес, ынтымақтастық, ұйымшылдық және жауапкершілік қасиеттерін де дамытады.

Мектептің ерекшелігі – қосымша білім беру мен шеберханалар жүйесінің тиімді үйлесімінде. Мұнда әр оқушы өз қызығушылығы мен бейіміне қарай бағыт таңдай алады. Шеберханалар жүйесі – білім мен шығармашылықтың өзегі.

Бүгінде мектеп лазерлік ЧПУ RUIDA станогымен жабдықталған. Бұл құрылғы фанерді кесіп, күйдіріп сурет салуға және түрлі бұйымдар жасауға мүмкіндік береді. Арнайы бағдарламалар көмегімен оқушылар компьютерде макет жасап, өз қолымен дайын өнім шығарады.

Тамыз айында өткен конференция барысында оқушылар осы станок арқылы өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, көрмеге қойды. Сонымен қатар, соңғы қоңырау салтанатында үздік оқушыларға арнап дайындалған естелік статуэткалар осы станок арқылы жасалды.

«Келешек» мектебінің материалдық-техникалық базасы мен оқушылардың шығармашылық жетістіктері облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалмады. Жуырда «Qostanai» телеарнасының «Дарын» бағдарламасы мектеп шеберханасының жұмысына арнап арнайы сюжет түсірді.

Бағдарлама барысында оқушылардың өз қолдарымен жасаған бұйымдары, заманауи лазерлік ЧПУ RUIDA станогының мүмкіндіктері мен еңбек сабағындағы шығармашылық үдеріс көрсетілді. Түсірілім кезінде оқушылар өз жобалары туралы айтып, болашақ мамандыққа деген қызығушылыстарымен бөлісті.

Мектеп ұстаздары мен әкімшілігі бұл сюжет арқылы білім ордасының жетістіктерін кеңінен таныстырып, оқушылардың еңбегін қоғамға үлгі етті. «Дарын» бағдарламасындағы бұл материал «Келешек» мектебінің қосымша білім беру мен техникалық шығармашылық бағытындағы табысты жұмысының айғағына айналды.

Болашаққа бағытталған мектеп

«Келешек» мектебі – оқушы дарынын ашуға, өмірлік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған шығармашылық орта. Мұнда білім мен тәрбие, ғылым мен өнер бір арнада тоғысады.

Осылайша, №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі – бұл тек білім беру орны ғана емес, оқушылардың болашаққа сенімді қадам басуына жағдай жасайтын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қойған міндеттерін табысты жүзеге асырып отырған инновация мен шығармашылықтың орталығы.

Мектеп ұжымы өз қызметінде Мемлекет басшысының «Білімді ұрпақ – елдің жарқын болашағы» деген қағидасын басты бағыт етіп ұстанады.

Осы жүйелі еңбектің нәтижесінде «Келешек» мектебі келешек ұрпақтың жан-жақты дамуына және еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді.

Алдамбергенова Карлыгаш Токбаевна,

Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының "Қостанай ауданы білім бөлімінің №1 Заречный жалпы білім беретін мектебі" КММ басшысы