ҚЫЗЫЛҚҰМДЫ ИГЕРУДЕ ҮЛЕСІ ЗОР АРДАГЕР
2026 ж. 23 қараша
12
0
Бір ауылда тұрсаң да сол ауыл тұрғындарының ішінде өзіңнің кездескенде сөзің жарасып, көңілің көтеріліп қалатын адамдарың болады. Айтқызбай-ақ ойыңдағыны түсініп, тілдескеннен көңіл шіркін көк дөненді желдіртіп жіберетін жандар әрине көп бола бермейді. Солардың бірі Қызылдың құмын игерген, құмстанды гүлстанға айналдырған құрылыс ардагері Төлеген Сапарұлы ағамыз.
Төкеңді ақынжанды десе де болады. Ағылып сөйлегенде, тереңнен тартып, қиядан қозғайды. Ақын-жазушыларды жақсы біледі. Сондықтан кезінде Төкеңе айтқан сөзім бар еді, “Осы сізді көрсем, шетелде жүріп, қазақты көргендей қуанып қаламын!”-деп. Төкең осы теңеуге әбден лайық нағыз қазақ!
Төлеген Сапарұлы 1977 жылы сол кездегі Бүкілодақтық екпінді құрылыс атанған Шардара ауданындағы Қызылқұм өңірін игеруге Шардара құрылыс басқармасына шебер болып жіберіліп, басшыға дейін өсіп, жемісті еңбек еткен ардагер.
Ол 1951 жылы 6 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданы, Бағара селосында дүниеге келген Төлеген Сапарұлы 1968 жылы Шардара ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебін күміс медальмен бітірген.
Еңбек жолын 1968 жылы «Шардарастрой» құрылыс басқармасына қарасты № 25 ПМК-да жұмысшы болып бастаған.
1969-1974 жылдары Шымкент қаласындағы Қазақ химия технологиясы институтына түсіп, инженер-технолог-химик мамандығын оқып бітірген.

1974 жылдан бастап Шардара қаласындағы қазіргі кәсіптік технологияық лицейде комсомол комитеті хатшысы болып істеді.
1977 жылы Шардара аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен сол кездегі Бүкілодақтық екпінді құрылыс атанған «Қызылқұм» өңірін игеруге Шардарстрой құрылыс басқармасына ПМК №26-ға мастер болып жіберілген.
Содан бастап №26,№22,№ 1- ПМК-ларда прораб, ПТО бастығы, ПМК-ның бас инженері болып қызмет істеді.
Осы құрылыс мекемелерін басқарып жүргенде Шардара ауданында 6 күріш кеңшары, 4 мақта, 2 мал кеңшарының егістік, жайылымдық жерлері осы Қызылқұм өңірінде іске асырылды.
Осы совхоздардың егістік жерлері тегістеліп, каналдар,шаруашылық жолдары, тұрғын үйлер, гараждар мен мал фермаларын салуға толық қатысты. Қызылқұм магистралды каналының 110 шақырым (км) салуға өз үлесін қосты.

Осы игерілген тың жерлерден 1977-1980 жылдары Шардара ауданы күріштен мол өніп жинап, республика бойынша рекорд орнатты.
1990 жылы «Шымскентсельхозстроймонтаж» трестіне қарасты Шардара құрылыс мекемесіне бастық болып сайланды.
Осы мекеменің күшімен «Қызылқұм» орта мектебіне 12 класс бөлмесі қосымша салынып берілді. Бұл «Қызылқұм» совхозының тікелей өтініші бойынша тұрғызылды.
2000-2004 жылдары аралығында «НИМЭКС»корпорациясында директордың құрылыс жөнінде орынбасары болып, осы Қызылқұм ауылында мақта зауыты іске қосылуына қызмет етті.
2004-2010 жылға дейін «Қызылқұм» орта мектебінде шеберхана меңгерушісі болды.
Осы жоғарғы атқарған жұмыстары үшін КСРО Су шаруашылығы министрлігі «Главриссовхозстрой» бас басқармасының Алғыс хаттарын алып, мақтау грамоталарымен марапатталды.

Тыныш отыра алмайтын Төкең қазір де қарап отырған жоқ.
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, “Мирас” ықшам ауданының Ардагерлер ұйымының төрағасы ретінде қоғамдық жұмыстардың ұйытқысы болып, басында жүр.
Бүгінде жемісті 75 жастың биігіне шығып отыр.
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Төкеңнің кәсібі құрылыс болса, асыл жары Ұлбала Аймахамбетқызы болашақтың құрылысшыларын - мемлекеттің, жаңа заманның іргетасын қалаушы оқушылар тәрбиелеумен айналысты.
Иә, жай мұғалім емес,
«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» атанған ұлағатты ұстаз.
1973 жылы Шымкент педагогикалық институтының математика факультетін «Үздік» белгімен бітірген Ұлбала Жортан Шардара ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады.
1981 жылы Шардара ауданы «Қызылқұм » орта мектебіне математика пәні мұғалімі болып ауысты. Ұлбала Аймахамбетқызы өз ісінің шебер де, білікті ұстаз ретінде аудандық, облыстық білім бөлімдерінің грамоталарымен және 1993 жылы Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
1985-2002 жылдары арасында оқу ісінің меңгерушісі яғни мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
2002 жылдан бастап «Қызылқұм» орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Мұғалім, оқу ісі меңгерушісі және мектеп директорлығы жұмыстарында тек қана адал еңбек, маңдай терімен жетістіктерге жетті. «Қызылқұм» мектебі Шардара ауданындағы озық тәжірибелі мектептер қатарында болды. Алғашқы әскери дайындығы пәні бойынша, Ұлттық бірыңғай тест және пәндер олимпиадаларында жүлделі орындар алып отырды.
Директорлық жұмысы кезінде Ұлбала Аймахамбетқызы мектептің спорт залын өз қаржысымен және демеушілердің көмегімен толық жөндеу жұмысын жүргізді.
Мектепке жылу жүйесін қайта жүргізу жұмысы да осы кезеңде жүргізілді.
2009 жылы директорлық жұмысынан құрметті еңбек зейнетіне шықты.
Ұлбала құдағиымыз “Алты Алаштың басы қосылса- Ұстаздың орны төрде болуы тиіс!”-деген Қазақтың ұлы ақыны Мағжанның бағасына нағыз лайықты ұстаз бола білді!
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің, білімің екі жақтап» деген ұлы Абайдың ұстанымын өмір үрдісіне айналдырып, қазір де өз жұмысында - немерелер тәрбиесімен айналысып отырған құрметті зейнеткер.
Бүгінде жетістігі мол 75 жасқа қол ұстасып қатар жеткен Төлеген Сапарұлы мен құдай қосқан асыл жары Ұлбала Аймахамбетқызы екеуі 5 ұл-қыз өсірген үлгілі отбасы, әулеттің тірегі. Өнегелі өскен балалары жоғары білімді инженер, заңгер және мұғалімдер.
Біздің бүгін құрметті құдаларымызға айтар Ақ тілегіміз:
Мерейтойларыңыз құтты болсын!
Ең бастысы Денсаулықтарыңыз мықты болсын!
Төл Мереке мол Берекеге айналсын!
Босағаға бақ пенен құт байлансын!
Шаңырақта шапағат пен шаттық шалқи берсін!
Үйлеріңізде әрдайым әлди мен ән-күй болсын!
Көңілдеріңіз келісті, өмірлеріңіз жемісті де, жеңісті бола берсін!
Ойларыңызға шуақ, бойларыңызға қуат тола берсін!
Алла жар болып, Жұлдыздарыңыз жарқырай берсін!!!!
Әрқашан Ақ жол тілейміз!
Бүгінгі күн тамаша, күзгі ерек күн!
Алға тарта береді Сіздегі екпін!
Ізгілікті әрдайым іздеп өткін.
Шапағатқа бөленіп шаңырағың,
Жүздерің жарқын күйде Жүзге жеткін!
Осы күнді күттіңдер сірә, бәрің,
Ақтарайық Ақ тілек ұнағанын.
Үш 25 емес пе, 75-ің,-
Үш есе енді мықты бол құдаларым!
Құрметпен, құдалар атынан Қазыбек ИСА.
23 қараша 2026 жыл.