АҚ ОТАУҒА АҚ ЖОЛ ТІЛЕЙМІЗ!

АҚ ОТАУҒА АҚ ЖОЛ ТІЛЕЙМІЗ!

Ордалы Оңтүстікте, қасиетті Сайрамдағы ер көңілді Ержан Рақымұлы бауырымыз бен Майра келін, Нұртайдай ұлды үйлендіріп, алақандарыңа Лаурадай ақ келін қондырып отырғандарыңыз құтты болсын! Ең алдымен бұл той сүйікті немерелерін үйлендіріп отырған Рақым жездеміз бен Жанат әпкеміздің тойы деп білеміз.

Ержан Рахымұлы Үсентай – «Ақ жол» партиясынан Түркістан облысы мәслихаты депутаты. Кезінде Шымкент қаласы «Ақ жол» партиясы филиалын басқарды. Жол саласын жолға қойып жүрген белгілі кәсіпкер. Кезінде біз парламентте жол саласының күрделі мәселесін өткір көтеріп, қалың ел қолдағанда, Ержан бауырымыз жолға байланысты көптеген құнды ұсыныстарын жасаған болатын.

Кешегі елдің жартысынан астамын жаулаған су тасқыны кезінде Ержан ең алдымен қимылдап, ауыр техникаларын Атырауға дейін алып барып, тілсіз жауды жеңуде зор қайрат көрсетті.

Өзі «Ақ жолдың» мәслихат депутаты, өзі жол саласының маманы Ержанға жолың бола берсін, Ақ жол дейміз.

Қыздарын құтты орнына қондырып отырған құрметті мыңжылдық құдалардың қадамы құтты болсын! Ержан сансыз баптар мекені Сайрамнан болса, Нұркен құда «Баптың бабы - Арыстан бап» жатқан Ой ордасы - Отырар өлкесінен екен. «Құданы құдай қосады» деген осы болса керек.

Әрбір шаңырақ көтерген жас отау - Тәуелсіз Қазақстанға қосылып жатқан құтты шаңырақ деп білеміз. 

Ақ отау құрып жатқан екі жастың жүректері бірге соғып, биіктерге қол ұстасып, бірге көтеріле берсін! 

Шаңырақ шапағат пен шаттықтан шалқи берсін!  

Әр күндерің әуелеген әлди мен ән-күй болсын!

Көңілдерің келісті, өмірлерің жемісті де, жеңісті бола берсін!

Әрдайым Алла қолдай берсін деп, Ақ отауға Ақ жол тілейміз! 

Бақыт құсы қонса баққа -саяға,

Қуанбайды қандай әке, қай ана?!.

Нұртай десе, нұрлы болып әр ісің,

Лаурадай аққуыңды аяла!

Ақ тілектер ақ қанатын жаяды.

Алашыңа ақ келін бол аялы.

Аналардың шашып елге шуағын,

Бабалардың салтын ұста саялы.

Болашаққа аттандыңдар ат мініп,

Алдарыңнан шықсын күліп сәттілік!

Тәтті болсын өмірлерің әрдайым,

Дастарханға жайылған соң тәттілік! 

Шаңырақты көтеріңдер сәнді ғып,

Әлдилерің жүрсін ішін ән ғылып.

Ақ отауға Ақ жол біздер тілейміз,

Жұлдыздарың жарқырасын мәңгілік! 

Ақ ниетпен, Ақжолдықтар атынан, Қазыбек ИСА