ӘПКЕ
2024 ж. 18 қараша
805
2
“Әпке” дегенде алдымен әлемге әйгілі жазушы-драматург Дулат Исабектің елге белгілі “Әпке” драмасы еске түседі. Иә, бір үйдегі бар бауырын жеткіземін деп жүріп, бар бейнетті бастан өткізген “Әпке” образын керемет бейнелеген қазақ әдебиетінің классигі Дулат көкеміз.
Біз де бір үйде, Жарылқасын Исаұлы әулетінде он бала өстік. Анамыз Зейнеп екеуі әкеміздің жалғыз айлығымен он баланы асырап, оқытып, тәрбиелеп жеткізді.
Алдымызда екі әпкеміз Күләш пен Ғалия бізді, 7 інісін арқалап жүріп өсірді. Ортамызда бір қарындасымыз Қынаш та еркелеп өсті.
Мен 1979 жылы Алматыға ҚазПИ-дің көркемсурет факультетіне оқуға түстім. Сонда бүгін асқаралы 65 жасқа толып жатқан Ғалия әпкем маған жиі хат жазатын. Ол кезде қазіргідей мобильді телефон жоқ экранда бір-бірін көріп тұрып сөйлесе беретін. Хат деген ең қымбат сәлем жеткізуші еді… Сондықтан да кейбір хаттар кәдімгі шығармашылық еңбек болатын…
Сол ауылды сағынып жүрген студентке әпкесінен сарғайып жеткен ақпарақ хаттардың арасынан сарқұлақ, көкқұлақ 3 сомдық, 5 сомдық теңгелер шыға келетін. Ол заманда ашқұрсақ жүрген студентке 3 сомға кафеге, 5 сомға мейрамханаға баруға болатындай жағдай еді.
Мектепті үздік оқыған Ғалия өте бейнетқор болды. Жездеміз Бисерік аң қуалап жүргенде, ол балалары мен інілерін ертіп алып, жазда тал түсте ауылда мақта шабығын шабатын…
Сөйтіп жүріп төрт баланы өсіріп, жеткізді. Бүгінде Берік жиен бастаған ұлдары ұяда, қыздары қияда, бала-шағалы, нәсіптерін кәсіптерінен теріп жүр.
Ғалия, Туған күнің құтты болсын!
Төл мереке мол берекеге жалғаса берсін!
Шаңырақта шапағат пен шаттық шалқи берсін!
Әрдайым көңілің келісті, өмірің жемісті де, жеңісті бола берсін!
Ойың шуақты, бойың қуатты бола бергей!
Жүзің жарқын күйде Жүзге жеткін!
Алла жар болып, Жұлдызың жарқырай берсін!
Әрқашан Ақ жол тілеймін!
ӘПКЕ
Аямаған бауырдан қолда барын,
Әпкелерім жайлы мен толғанамын.
Екі ер әпкем ешқашан білдірмеді,
Ағам менің алдымда болмағанын…
Кешегі өткен күндердің бәрі аңыздай.
Кетті әке-шешеміз данамыздай!
Жетілгенде жеті інің, әпкелерім,
Қуанғанын білеміз Анамыздай!
Бәріміз де бір үйдің баласы едік,
Атандырды әке мен ана сеніп.
Әпкелерін Төлеген жырлағандай,
Сендер дағы едіңдер тамаша елік.
Әпкеміздің тойында сөйле, тілім,
Шаршамайсың, алмайсың кейде тыным.
Бар өмірі еңбекпен өткен жандар,
Көрсе дейміз зейнетін бейнетінің!
Көрсетеді қамқор қыз бөлекше бой.
Әпке десе, баурайды бөлеп сені ой.
Артымыздан ерген қыз, қарындас та,
Әпкелері секілді ерекше ғой.
Қамқорлығы әпкенің ерге керек!
Қадірлісің біздерге сен де демек!
Әпкелерім неге бұл мықты десем,
Анамызға тартыпты ең керемет!
Бүгінгі күн тамаша, бізге ерек күн!
Ізгілікті әрдайым іздеп өткін.
Шаңыраққа шапағат төгіп Алла,
Жүзің жарқын күйіңде Жүзге жеткін!
Құрметпен, інілерің атынан Қазыбек ИСА