Соңғы алты айда Қазақстаннан Ресейге 15 688 адам көшіп кетті
2018 ж. 17 тамыз
3674
0
2018 жылдың алғашқы алты айында Қазақстаннан 17 171 адам көшіп кетті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Қазақстаннан безгендер Ресей, Германия және АҚШ елдерін паналаған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетіндегілер 2018 жылы алты айдың ішінде Қазақстаннан 17 171 адам көшіп кеткенін хабарлаған еді. Қазақстандықтар көшіп кеткен елдердің тізімінде бірінші орынды Ресей (15 688 адам) көрсеткішімен иеленді. Екінші орында - Германия. Мұнда көшіп кеткен адамдар саны 1097-ге жетті. Көшбасшыларының үштігін АҚШ аяқтады. Мұхиттың ар жағына 158 қазақстандық қоныс аударған.
Одан кейін Беларусь - 116 адам, Қырғызстан - 74 адам, Канада - 66 адам, Өзбекстан - 64 адам, Израиль - 50 адам, Қытай - 48 адам, Украина - 46 адам.
Қош! Кеткендерге "жолы болсыннан!" басқа айтарымыз жоқ. Елімізде 4 миллионнан астам орыс халқы қоныстанған. Бұлардың пайыздық үлесі - 21.05%. Олардың бәрі түп-қотарыла көшіп кетсе де, қарсылығымыз жоқ. Біз үшін Ресейдің бар болғаны алты айда 15 688 қандасын өз еліне көшіріп алғаны қуанатын жай.
Себебі В.Путиннiң екі мыңыншы жылдардың басында: "Ресей бұрынғыдай ұлы держава болып қалуы үшiн, кемiнде 50 млн. отандасты қабылдауы қажет" деп мәлiмдегенi бәріміздің есімізде. "Отандастар" бағдарламасы барысында миллиондаған қандастың келуiне мүмкiндiк жасау керек" деген ол үш жылдың iшiнде 300 мың адамның Ресейге көшіп келетініне сенiм бiлдiрген едi. Алайда, Путиннің 300 мыңы бағдарлама жарияланғаннан кейінгі үш жылда 17 мың орыстан (отбасы мүшелерiн қосқанда) аспай қалып ұятты болған. Енді міне, осыдан он жыл бұрын 3 жылда көшетін орысты алты айда көшіріп тастайтын әлетке жеттік.
Осындайда мәселеге басқаша қырынан амалсыз қарауға тура келеді. Біз де сол дәрежеге жетіп, алты айда Қытайдан 15 мың қандас көшіріп әкелер күн туар ма екен?!