20 жылда Астана құрылысына қанша қаражат жұмсалғаны анықталды

Бұл жөнінде бүгінгі Үкімет отырысын алдағы Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтау сөзімен бастаған ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Еліміздің сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі, мұның бәрі еліміздің бас ордасымен байланысты. Ел бола аламыз ба, әлде, заманның алапат желіне ұшып-жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана жаңғырған жаңа Қазақстанның жарқын символы. Ол қастерлі тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті. Басында өзге түгілі өзіміз күманмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді», - деді премьер-министр.

Үкімет басшысы халқымыздың мың жылдық талайлы тағдыры мен асқақ арманынан нәр алып, сайын далада сәмбі талдай бүр жарған бас ордамыз аз уақытта ел тірегі алып бәйтерекке айналғанын атап өтті.

«20 жылда қаланың экономикасы номиналды есепте 224 есеге артып, 1997 жылғы 25,7 млрд теңгеден 2018 жылғы 5,7 трлн теңгеге көбейді. Қалаға салынған инвестиция 20 жыл бұрынғы 19,3 млрд теңгеден 50 есеге артып, былтыр рекордтық 945 млрд теңге болды. Ондағы бюджеттен тыс инвестицияның көлемі 80 процентке жетті. 20 жылда Астанаға бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінгенімен, ол қазірге дейін ел қазынасына шамамен 7 трлн теңге салды. Яғни, қаланың дамуына салынған мемлекет қаржысы 3 есе артығымен қайтарылды. Астана халқының саны 20 жылда 3,5 есе өсіп, 1 млн асты. Бас ордамыз дарынды, мақсаткер, еңбекқор, білімді жастардың арман-мүддесін бір арнаға тоғыстырып, барша қазақстандықтарды біріктірген кіндік қала. Ол татулық пен тұрақтылықтың, жасампаздық пен бейбітшіліктің символы ретінде тұтас Еуразияға, одан қалды, жер жүзіне лайықты үлгі болуда», - деді Сағынтаев.