«Ильхам» сыйлығы берілді

Он жылдан бері үздіксіз беріліп келе жатқан Ильхам сыйлығын еліміздің өнер, ғылым және әдебиет пен мәдениет салаларының 65 қайраткері иеленді. Соңғы жылдары республикадағы беделді жүлделердің қатарынан орын алып келе жатқан «Ильхам» сыйлығын «Өнеркәсіпшілер, кәсіпкерлер және ауылшаруашылық жұмысшаларының қауымдастығы» республикалық қоғамдық қоры тағайындаған. Бұл қор ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік нарықта бәсеге қабілетті өнім шығаруды қамтамасыз ету мақсатындағы салдарлы саясатын қолдау үшін құрылған болатын. Қор жанынан мецанаттар клубы ұйымдастырылды. Оның құрылуына «Бент» акционерлік қоғамы мен аталмыш қауымдастықтың президенті Ділмұрат Кузиев мырза мұрындық болған еді. Ол сонымен қатар мецанаттар клубының да төрағасы. Он жылдан бері өз межесінен шығып келеді. Бүгінгі «Ильхам» сыйлығын тапсыру рәсімі бұл сөзімізге айқын мысал. Биылғы сыйлықтың тапсырылуы да ерекше болды. Жүлдегерлер сыйлықты мецанаттардың қолынан емес, Ильхам сыйлығының бұрынғы иегерлерінің қолынан алды. Бұл жолғы марапатты «Әдебиет» аталымы бойынша бірінші орынды Қасымхан Бегманов, екінші орынды Тохтахунов Молутжан иеленді. «Ғылым» аталымы бойынша бірінші орынды Шырәлі Қадыров, екінші орынды Уалихан Жұмашов алды. «Халықаралық және дінаралық татуластықты, тыныштықты нығайтуға қосқан шексіз үлесі үшін» аталымы бойынша бірінші орынды Ерлан Арын алды. «Музыка» аталымы бойынша бірінші орынды Азатим Бурханов, екінші орынды Хабибулла Сетеков алды. «Өнер» аталымы бойынша бірінші орын иегері болмады. Екі екінші орын жүлдегері болды: Құрманғали Қадыров және Г.Закирова мен В.Важитовалар өзара бөлісті. «Театр» аталымы бойынша бірінші орынды «Шевкат шоу» театры, екінші орынды Нұрәлім Варисов алды. «Білім беру» аталымы бойынша бірінші орынды Рызвангуль Ильясова, екінші орынды Ардақ Қырықбай алды. Осы аталым бойынша тағайындалған тағы бір екінші орынды Шаудин Кабиров алды. «Спорт» аталымы бойынша бірінші орынды Рахымжан Сыдықов, екінші екі орынды Әлик Жалилов пен Дилнур Исмаиловалар иеленді. Сонымен қатар өнер иелері, ҚР халық әртістері Гульвира Розиева мен Роза Рымбаевалар «Ильхам» сыйлығының ең жоғары наградаларымен марапатталды. «Ильхам» сыйлығының он жылдық мерейтойы Алматыдағы Ұйғыр театрында өтті. Салтанатты кешке «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының хатшысы Қайрат Сатыбалдыұлы, Социалистік Еңбек Ері, көрнекті қоғам қайраткері Эрик Гукасов, Қазақстан компартиясының бұрынғы обкомы Кеңес Аухадиев, Ленин орденінің екі мәрте кавалері Сағыныш Есбергенов, «Герремстрой» АҚ-ның президенті Болат Нұрғазиев, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Арыстан Әлиев, Әділет министрлігінің генерал-лейтенанты, заң ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Утибаев, М.Әуезов театрының директоры Есмұхан Обаев мырзалар қатысып, «Ильхам» сыйлығын дайындаған мецанаттар клубы мен аталмыш қордың игілікті істері жайында айтты. Салтанатта ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің құттықтау хатын Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Роза Кәріпжанова оқыды. Марал БОТАЕВА