БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ РЕФОРМАЛАРДЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗІ ЖОҚ
2017 ж. 14 қаңтар
3662
3
Әлемдік тарихта дербес білім беру жүйесінен айрылу кейбір ұлттық мемлекеттердің жойылуына әкеп соққан себептердің бірі ретінде келтіріледі. Яғни, халықтың, елдің болашағы, оның рухани, интеллектуалдық даму бағыты оқу жүйесіне, білімнің сапасына, білім беру мекемелерінің жай-күйіне тікелей байланысты.
Қазақстандық білім саласының шынайы жай-күйі, кейбір теріс құбылыстардың себептері мен салдары, реформалардың пайдасы мен зияны жайында ғалым, Қазақстандағы салыстырмалы педагогика және оқулық сапасы мониторингі бағытының негізін салушы, Педагогика ғылымдары академиясының президенті Асқарбек Құсайыновтың пікірін abai.kz порталы жариялаған екен, соған зер салсақ.
- Қазіргі қазақстандық білім беру кеңестік дәуірдің білім жүйесін мұра етіп алды. Ал, кеңестік орта білім сапасы жоғары болды деп мойындалады. Онда неге білім сапасы төмендеп кетті?
А.Құсайынов: Рас, Кеңес Одағында орта білім сапасы жоғары болды, ол әлемде алғашқы үштіктен орын алды. Барлық мектептерде, қазақ мектептерінде де, барлық пәндер бойынша әр сабақты жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік болды. Тек орта білім жүйесін қажетті оқу-әдістемелік және зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 100-ден аса ірі кәсіпорын жұмыс жасады.
Ұстаздар әлеуеті жоғары еді, жақсы жалақы да алды. Оларға Үкімет тарапынан көптеген қамқорлық жасалды. Сондықтан ұстаздық мамандыққа көптеген талантты жастар барды, олар жақсы білім алды. Үлкенді-кішілі білім мекемелерінде өздерінің салиқалы іс-әрекеттерінің, адами қасиеттерінің арқасында халықтың құрметіне бөлене білді.
Ол уақытта білім сапасының жоғары деңгейде болуының тағы бір себебі, білім беру саласы ғылыми негізде дамып отырды. Кеңестер Одағының Педагогикалық ғылымдар академиясы Одақтың Ұлттық ғылым академиясы деңгейінде бағаланатын, он мыңнан аса ғалымдар жұмыс жасайтын, құзырлы академия болатын. Білім саласын дамытуға қатысты Үкіметтік, министрлік деңгейлерде қабылданатын барлық шешімдер, негізінен, осы Академияның ғылыми және тәжірибелік зерттеулеріне негізделіп дайындалды. Бір сөзбен айтқанда, кеңестік білім беру жүйесі ғылыми негізде дамыды.
- Кеңестік білім жүйесінің әмбебап адам қалыптастыруға ұмтылғаны мәлім. Бұл жүйенің тағы қандай кемшіліктері болды?
- Кеңестік білімнің де теріс тұстары болды. Соның біреріне тоқталайын. ХХ ғасырдың 80 жылдары ғылым мен техника қарқынды даму жолына түсті. Сала мамандары мен ғалымдары мектепте оқытылатын пәндердің мазмұнын сол жетістіктер негізінде толықтырып отыру қажеттігін айтып, солардың ықпалымен пәндердің мазмұны ұлғайып, тіпті жаңа пәндер де енгізіле бастады. Осындай саясаттың арқасында ХХ ғасырдың аяғында мектепте оқытылатын пәндер бойынша берілетін білім көлемі балалардың білімді меңгеру қабілетінен артып кетті. Мысалы, К.Д.Ушинский: «Біз балалардың басына ештеңеге де керегі жоқ әртүрлі қоқысты үйіп-төгіп жатырмыз, кейін адам оны өмірде қолданбайды», – деп жазды. Бірақ, одан тиісті қорытындылар жасалмады. Мұндай қателіктер білім сапасына кері әсер етті.
Қазақстанның өз мақсат-мұратына сай жаңа білім беру жүйесін жасау жұмыстарын қолға алғанда, біз осындай келеңсіздіктерді ескеріп, алдымен білім беру саласын дамытудың ғылыми жүйесін жасауымыз керек еді. Өкініше орай, ондай жұмыстар дер кезінде атқарылмады. Біріншіден, кадр тапшылығы қатты сезілді, екіншіден, қаражат тапшылығы қол байлау болды. Өкінішке орай, одан кейінгі жылдарда жүргізілген барлық реформалар да ғылыми негізсіз жүргізілетін болды.
- Жылдан жылға білім беру сапасы да, тиісінше, мамандардың біліктілік деңгейі де төмендеп барады. Отандық білім сапасын көтеру үшін не істеу керек?
- Ол үшін, алдымен, білім беру жүйесі жақсы дамыған елдерді анықтап, олар осындай көрсеткіштерге жетуде қандай ұстанымдарды негізге алғандарын білу керек; екіншіден, әлем елдерінің білім беру жүйелерін зерттеген ғылыми-тәжірибелік еңбектерді мұқият талдап, білім беру жүйесін құраушыларды анықтау керек; үшіншіден, осы құраушылар негізінде елімізде ақтарылған жұмыстарды зерделеп, қажетті қорытындылар жасау қажет.
Біздер осы мақсатта біраз жұмыстар атқардық. Соңғы 10–12 жылғы Халықаралық PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулерінің қорытындыларын зерделей отырып, Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада және Жаңа Зеландия елдерінің оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсететінін анықтадық.
Бұл елдерде ғылыми негізде дайындалған білім беру саясаты іске асырылады. Олардың басты мақсаттары: ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, ана тілін сақтап дамыту, рухани бай адам тәрбиелеуді іске асыру және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеру. Бір сөзбен айтар болсақ, басты мақсат – адам тәрбиесі. Бұл елдерде білім реформасы, орта есеппен, 10 жылда бір рет жүргізіледі.
Жалпы, білім беру сапасын үш жағдайды ескере отырып жақсартуға болады. Біріншіден, білім беру жүйесінің қарастырылып отырған кездегі нақты жағдайын, жетістіктері мен кемшіліктерін анықтау керек; екіншіден, оқыту нәтижелерін жақсарту үшін қандай жұмыстар атқару қажеттігін тұжырымдау керек; үшіншіден, әр елдің орта білім беру жүйесінінің ерекшелігін, тарихын, мәдениетін, саясаты мен құрылымын ескере отырып, атқарылуы қажетті іс-шаралар кластерін дайындап, іске асыру керек.
- Білім сапасын анықтау мақсатында жүргізілетін халықаралық зерттеулер бойынша Қазақстандағы білім сапасының деңгейі қандай?
- Еліміз алғаш рет 2007 ж. TIMSS зерттеуіне қатысты. Бұл зерттеуге бізден тек 4-сынып оқушылары ғана қатысып, математика пәні бойынша 5-орын, жаратылыстану пәні бойынша 11-орын алда. Бұл жақсы көрсеткіш болды, халық қуанды. Ал 2011 ж. зерттеуге 4 және 8-сынып оқушылары қатысты. 4-сынып оқушылары сәйкесінше 27-ші және 32-орындарды иеленіп, 4 жылда білім сапасының 22 және 21 сатыға төмендеп кеткенін, ал 2007 жылы 4-сыныпта оқыған оқушылар 2011 жылы 8-сыныпқа келгенде, олар осы пәндерден сәйкесінше 17-ші және 20-орындарды иеленіп, өздерінің білім сапасын 4 жылда 12 және 9 сатыға төмендетіп алғандарын көрсетті. Бұл жақсы нышан емес.
PISA зерттеуіне еліміз 2009 және 2012 жылдары қатысты. Қазақстандық оқушылар оқу сауаттылығы бойынша осы жылдары 59-шы және 63-орындарды, математикалық сауаттылық бойынша 53-ші және 49-орындарды, ал жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтары бойынша 58-ші және 52-орындарды иеленді. Бұл нәтижелер Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері бойынша орташа нәтижеден көп төмен.
- Отандық білімді қиын жағдайдан алып шығып, бәсекеге қабілетті етудің бір жолы қалыптасқан жүйенің теріс тұстарынан бас тарту. Сіз жоғарыда қазіргі уақыттамектептерде қолданылып отырған «Білім, білік, дағды» парадигмасын өзгерту керек дедіңіз. Осыны түсіндіріп берсеңіз.
- Орта білім беру жүйесінде білім беру «Білім, білік, дағды парадигмасы» негізінде іске асырылған уақытта, оқу процесінде оқушыларға мүмкіндігінше молырақ материалдар беріледі. Ол білім, көбіне, өмірдегі нақты жағдаяттармен, адамның тұрмыс-тіршілігімен ұштастырыла берілмейді.
Мысалы, қазір тұрмыс-тіршілікте ыдыс-аяқ жуу үшін көптеген сұйық жуғыш заттар пайдаланылады. Олардың сыртында химиялық құрамдары жазылған. Мен бірде, білім жетілдіру институтында дәріс бергенде, мұғалімдерден осы заттардың қасиеттерін айтып, түсіндіріп берулерін сұрадым. Ешкім дұрыс жауап бере алмады. «Химия пәнін соншама жыл оқып, содан алған біліміңізді өмірде қалай пайдаланып жүрсіздер?» – деген сұраққа да ешкім мардымды жауап бермеді.
Дамыған елдер осыны ертерек түсініп, оқу мазмұнын жүйелеумен бірге оқушыларды тек білім алушы ғана емес, оқу үдерісіне белсене араласушы деңгейіне көтере алды. Олардың өздігінен білім алу, оны өмірдегі жағдаяттарда пайдалана білу, ізденушілік құзыреттіліктерін қалыптастырып, дамытып отыр.
Өкінішке орай, біз әлі білім беру мазмұнын жеңілдете алмай отырмыз. Тағы бір мысал, астауыш сыныптардың бекітілген жаңа стандартына сәйкес ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәнін 3-сыныптан бастап оқыту жоспарланған. Осы пәннің 3-ші және 4-сыныптарға арналған оқу бағдарламасында «Желіде орналасқан ақпараттың барлығы нақты және пайдалы екенін анықтау», «Желіде этикалық және құқықтық нормаларды бұзу салдары туралы ой қорыту» деген сияқты тапсырмаларды орындау қажеттігі жазылған. Осыншама күрделі дүниені 3-ші және 4-сынып оқушылары меңгере ала ма?
Басқа бағдарламаларда да осындай аса күрделі дүниелер көптеп кездеседі.
Балаларды ерте жастан күрделі бағдарламалармен оқытып, күрделі тапсырмалар беру олардың психофизиологиялық және ақыл-ой дамуына теріс әсер ететінін, сонымен бірге олардың білімге деген ынтасы шектелетінін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр.
- Білім берудің бір құралы – оқулық. Оған қоса оқулық тәрбиелік те, идеологиялық та қызмет атқарады. Оқулық сапасына қатысты көп сын айтылуы да осыдан тәрізді.
- Сапалы оқулық жазу – аса күрделі жұмыс. Жақсы оқулықтар жазу
үшін, біріншіден, елімізде оқулықтану ғылымын дамыту керек. Оқулық жасаудың бар қиындығын басынан кешкен академик А.Колмогоров оны реактивті ұшақ құрастырумен салыстырған.
Оқулық сапасы төмендігінің бірнеше себебі бар.
Біріншіден, бұрын оқулық жазбаған, оқулық жазу теориясын меңгермеген авторлар оқулықтар жаза бастады.
Екіншіден, оқулық авторларына қажетті жағдай жасалмады. Оқулықтану ғылымы дамыған Франция елінің ғалымдары жақсы оқулық жазу үшін 3-5 жыл уақыт қажет дейді. Бізде оқулықтар жазуға бар-жоғы бір жыл көлемінде уақыт беріледі.
Үшіншіден, дайындалған оқулықтың сапасын анықтау үшін, оған Теориялық және Тәжірибелік сараптама жүргізілуі керек. Ол үшін ғылыми негізде дайындалған критерийлер жүйесі болуы тиіс. Өкінішке орай, бізде мұндай жүйе жасалмағандықтан оқулықтар сапасына объективті баға берілмей отыр.
Төртіншіден, дамыған елдерде бір пәннен барлық сыныптарға арналған бір концепцияға негізделген желілік оқулықтар мен инновациялық оқу-әдістемелік кешендері дайындалады. Оларды дайындау үшін арнайы авторлық ұжым құрылады. Себебі, оқушылар бір пәннен әр сыныпта әр түрлі авторлардың жазған оқулықтарымен оқитын болса, сапалы білім ала алмайды.
Бесіншіден, қазіргі уақытта әр оқулықпен бірге сол оқулықтың мультимедиялық оқу құралы, диск ретінде қоса дайындалады. Онда оқулықта берілген материалды терең түсінуге қажетті интернетте бар материалдар жүйеленіп беріледі. Бізде бұл жұмыс та нәтижелі атқарылмай отыр.
- «Бізді оқытатын адамдар мұғалім деп аталады, бірақ, бізді оқытатындардың бәрі бірдей бұл атаққа лайық емес» деген екен неміс ойшылы Гете. Мұғалімдердің білім деңгейіне халықтың көңілі тола бермейді. Бұған не айтасыз?
- Біз бәріміз жақсы ұстаздан оқыған балалардың жақсы білім алатынын білеміз. Мысалы, бастауыш мектепте кәсіби деңгейі төмен ұстаздардан білім алған оқушылардың тек 25%-ы ғана жоғары сынып стандартының талаптарына сай білім ала алады, ал қалған 75%-ы ондай білім ала алмайды.
Ұстаздық еңбек асқан талғампаздықты, мол адами қасиетті, рухани тазалықты қажет ететін, жауапкершілігі мол, аса күрделі мамандық. Дамыған елдерде ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, мен де осындай болсам екен деп еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс. Себебі баланың ұстазына деген сүйіспеншілік сезімінің болуы оның жақсы білім алуына оң ықпал етеді. Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды.
Бұл елдерде педагогикалық оқу орындарына мектепті жақсы аяқтаған, мысалы, Оңтүстік Кореяда үздік 5%-ға, Финляндияда – 10%-ға, Сингапур мен Гонконгта – 30%-ға кіретін түлектердің ғана құжаттары қабылданады; олар педагогикалық кәсіпке бейімділігін анықтайтын арнайы тест тапсырады; магистр-мұғалім мектепке жұмысқа келгенде, қоғамдық қомиссия алдында күрделі сынақтан өтеді; жұмысқа қабылданған жас магистр-мұғалімге тәлімгер (коучер) бекітіледі. Ол жас мұғаліммен бірінші күннен бастап, қашан ол өз бетінше жақсы сабақ бере алатындай деңгейге жеткенше, бірге жұмыс жасайды.
Ал, бізде ұстаздар қалай дайындалады? Педагогикалық ЖОО мен колледждерге, негізінен, мектепте орташа оқыған балалар барады. Олардың көбі ортақол мұғалім болып шығады. Мектепке келгенде, бірден жұмысқа қабылданып, сабақ бере бастайды. Оларға тәлімгерлер бекітілмейді, бекітілген күннің өзінде олар қосымша ақы алмағандықтан, олар бұл жұмысты жасауға қызықпайды.
Ең бастысы, ұстаздар мәртебесін көтеру керек. Әлемдік тәжірибе мұғалім мәртебесі жоғары болса және оларға жоғары базалық еңбекақы төленсе, онда көптеген дарынды адамдар мұғалім болатынын, бұл осы мамандық мәртебесінің одан әрі арта түсетінін дәлелдеп отыр.
- Білім саласындағы шенеуніктердің тағы бір сәтсіз эксперименті –
Ұлттық бірыңғай тест жүйесі. Бұл ұстаздар қауымын тұтас бір сүргінге салып қойды, жоғары сынып оқушылары тек тест тапсырумен күні өтеді. Тіпті, мектеп түлектерінің ҰБТ-дан алған орташа баллдары сол мектептің негізгі көрсеткіші ретінде бағаланатын болды. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?
- Бұл жүйе елімізде 2004 жылы енгізілді. Содан бері көптеген сыни пікірлер айтылып келеді, ұстаздар қауымы да оны қолдамайды.
Біріншіден, ҰБТ кезінде 5 пәннен берілген 125 сұраққа жауап беру үшін 3,5 сағат, яғни 1 сұраққа жауап беру үшін, орта есеппен, 1,7 минут уақыт беріледі. Бір жарым минутта бір теореманы дәлелдемек тұрмақ, қандай да бір күрделі есепті шығару да мүмкін емес.
Екіншіден, ұсынылған төрт жауаптан бір жауапты таңдау арқылы оқу жетістігін анықтау тестісі, адамның білімін емес, тек есте сақтаған немесе болжаған ақпаратын ғана анықтай алады.
Үшіншіден, берілген 5 пәннің 4-і барлық мектеп түлектері үшін ортақ пәндер, 1 пәнді ғана оқушылар өздері таңдайды. Айталық, бір бала мектепте химия пәнін жақсы оқып, үнемі ізденіп, көптеген олимпиадаларға қатысып, алғашқы ондықтан орын алды делік. Сонда ол жүз мыңнан аса мектеп бітірген түлектердің ішінде химия пәнін ең терең меңгерген он баланың бірі болады. Осы бала ҰБТ негізінде химия факультетіне оқуға түсе алмауы мүмкін. Себебі, ҰБТ ережесі бойынша, ол химия пәнінен басқа міндетті 4 пәннен емтихан тапсырады және 4 пәннің нәтижесінде, қазақ және орыс тілі пәндерінің баллы есептелмей, ортақ балл шығарылады.
Төртіншіден, ең ауыры, ҰБТ елімізде жалпы білім сапасын көтеруге кері әсер етіп отыр. ҰБТ көрсеткішін жақсарту бүкіл мектеп ұжымының негізгі мақсатына айналды. Бүкіл мектеп ұжымы оқушылармен тек ҰБТ-ға кіретін негізгі 4 пәнді дұрыс тапсырулары үшін жұмыс істейтін болды, ал басқа сабақтарды оқытуға аса мән берілмейді. Сонымен, негізгі мақсат – терең білім беру емес, қайткен күнде де ҰБТ-дан жақсы көрсеткішке қол жетізу болды. Көрсеткіштері жақсы болуы үшін мектеп басшылығы нашар оқыған балаларды оған қатыстырмау жағын да іске асырып жүр.
Елімізде педагогикалық тестология ғылымы дамымаған, тестолог мамандарды дайындайтын «педагогикалық квалиметрия» мамандығы бірер жоғары оқу орындарында жақында ғана ашылды.
- «Бір жылдығыңды ойласаң күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш отырғыз, мың жылдығыңды ойласаң ұрпағыңды тәрбиеле» деген аталы сөз бар. Білім беру жүйесінің бір мақсаты жастарға рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру ғой. Осы жұмыстар бізде қалай атқарылуда?
- Қазақтардың өзіндік рухани философиясы туған жеріне деген сүйіспеншілікке, даналыққа, төзімділікке толы болған. Өкінішке орай, көптеген құндылықтарымыз жоғалып, ұмыт болды және саясаттанды. Соңғы жылдары оқушылардың ресми білімдік жетістіктеріне, емтихан тапсырулары мен жақсы баға алғандарына ерекше ден қойылатын болды.
Оқу құралдары дайындалғанда оқу материалдары дұрыс сұрыпталып берілуі керек. Өкінішке орай, біз бұл жұмысқа жеткілікті көңіл бөлмей отырмыз. Бір ғана мысал келтірейін. Бірде менің қолыма француз тілі оқулығы түсті. Мұқият қарай отырып, оның авторларының Франция елін өте жақсы білетіндеріне қайран қалдым. Сұрастырып көрсем, олар алғашқыда материалдар қарау үшін Франция елшілігіне барған екен. Келу себебін түсінген елшілік қызметкерлері оларға көмек көрсетіп, содан оқулыққа ендіру үшін көптеген материалдар берген. Авторлар сол материалдарды өз оқулықтарында пайдаланған.
Елшілік басқа оқулық авторларына да осылай көмек көрсеткен. Нәтижесінде, барлық француз тілі оқулықтарында Франция еліне қатысты материалдар өте тартымды әрі мағыналы. Онымен оқыған балалардың бойында Франция еліне деген ерекше құрмет сезімі оянады, ол елдің біздің елге қарағанда артықшылығын сезінеді. Сонда, француз тілін оқытқандағы біздің мақсатымыз осы ма?
Ағылшын тілі оқулықтары да осылай жазылған. Осындай оқулықтармен оқыған кейін де балаларымыз шет елдерге еліктегіш болып барады.
Біз Оңтүстік Корей елінің 7-ші, 8-ші және 9-сыныптарға арналған ағылшын тілі оқулықтарын мұқият қарап шықтық. Олардан Корей елінен басқа, шет елге қатысты, бірде-бір материал таба алмадық. Жапония елінің ағылшын тілі оқулығында да тек жапон еліне қатысты материалдар берілген.
Бұдан жасайтын түйініміз, барлық оқулықтарда берілетін материалдар жастарымыздың бойында елімізге, жерімізге, халқымызға деген шынайы құрмет, мақтаныш, сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыруға бағытталуы керек.
- Бүгінгі күннің басты тақырыптарының бірі – 1- сыныптан бастап үш тілде оқыту. Осы мәселеге сіз не дейсіз?
- Мен компаративист-ғалым ретінде әлемнің озық 20 елінде бастауыш сыныптарда, яғни 1 - 6-сыныптарда қанша тіл оқытылатынын зерттедім. Сонда байқағаным, осы елдердің ішінде 2 тіл 1-сыныпта 4 елде, 2-сыныпта 5 елде, 4-ші және 6-сыныптарда 13 елде оқытылады екен. Бірде-бір елде 3 тіл бірдей оқытылмайды.
Елімізде біраз жылдардан бері бірқатар мектептерде 3 тіл оқытылып келеді. Соның нәтижесін білу үшін, біз, Алматы қаласы мен Алматы облысының 8 қазақ мектебінде әлеуметтік зерттеу жүргіздік. Зерттеуге бастауыш сыныптарда сабақ беретін 103 мұғалім тартылды. Осы ұстаздардың 83,97%-ы оқушыларға 3 тіл оқытқанда олардың 3 тілді де меңгеру деңгейі төмендейтінін ашық жазды. Балалар тілдерді шатастырып, сөйлегенде, өздері де оған мән бермей, үш тілді қосып сөйлеу фактілері кездесетінін айтыпты.
Мұғалімдер 1-сыныпқа келген көптеген қазақ балалары қазақ тілін нашар білетінін, бәрі дерлік орыс тілінде жақсы сөйлейтінін айта келе, 1-сыныпта тек қазақ тілін ғана оқыту керек деп жазыпты. Орыс тілін 2-ші не 3-сыныптан бастап оқытып, ал ағылшын тілін 6-сыныптан бастап қазақ тілі негізінде интенсивті түрде, яғни аптасына 3-4 сағат көлемінде үйрету керек деген. Ағылшын тілі осылай оқытылатын болса, 2-3 жылда барлық балалар оны жақсы үйреніп шығатындарына сенім білдіріпті.
Бұл пікірді лингвист-ғалымдар да қолдап отыр. Мен де осы пікірді ұстанамын.
- Білім беру жүйесі дұрыс дамуы үшін ғылымға негізделуі тиіс дедіңіз. Орта білім саласы проблемаларына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары (ҒЗЖ) қалай жүргізілуде?
- Орта білім беру жүйесі өте күрделі жүйе, сондықтан білім сапасын көтеру мақсатында жүргізілген реформалар ғылыми негізде жүргізілуі керек еді. Өкінішке орай, әлі күнге дейін білім беру саласындағы зерттеу жұмыстары қалдық принципімен қаржыландыру негізінде жүргізіліп келеді. Мысалы, 2009 жылы елімізде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге 6 млрд. 163,5 млн. теңге бөлінген болса, сол сомадан тек 44,1 млн. теңге (0,7%)
ҒЗЖ жүргізуге бөлінген, ал осы сомадан 12 жылдық білім беру проблемаларын зерттеуге бар болғаны 12 млн. теңге бөлінген. Кейінгі жылдардағы жағдай да осындай.
Бұдан елімізде білім сапасын көтеруге бағытталған барлық реформалар ешқандай ғылыми негізсіз жүргізілген деген қорытынды шығаруға болады.
Мұндай көзқарасты өзгерту керек. Біз білім сапасын көтереміз десек, іргелі және қолданбалы ҒЗЖ-ның толық әрі нәтижелі жүргізілуін қамтамасыз етуіміз қажет.
Білім сапасын көтеру үшін бүкіл жұмыс жүйелі түрде атқарылуы тиіс. Ғылыми мекемелер мен орталықтар, жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер, ғалымдар мен ұстаздар, оқу әдебиеті авторлары мен баспалар жұмыла отырып және олар бір-бірінің атқарған жұмыстарын бірлесе талқылап, қажетті шешім қабылдап отырғанда ғана нәтиже болады.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбатты жүргізген Дина Имамбай
Abai.kz