
Мемлекет басшысы лауазымына өтініш білдіріп, қол жинау барысында 717340 электораттың дауысына ие болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық сайлау комиссиясының шешімімен кезектен тыс өтетін президенттік сайлауға үміткер ретінде тіркелді.
Осыған орай қабылданған қаулыны оқыған ОСК-ның хатшысы Бақыт Мелдешев: «Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы президенттікке кандидат ретінде тіркелсін! Қазақстан Президенттігіне кандидат куәлігі берілсін!», – деді.
«ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның 59-бабының 5-тармағына сәйкес, президенттікке үміткер облыстардың кем дегенде үштен екі, ал Астана мен Алматы қалаларындағы сайлаушылардың ең азы 1 пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Елбасы бұл межеден әлдеқайда асып кетті. Оның республиканың 16 өңірінен жинаған дауысы белсенді сайлау құқығы бар азаматтардың 8 пайызға жуығын құрады.