ТОҒЫЗ ҚҰМАЛАҚ ТОҒЫСТЫРҒАН ӘЛЕМДІК ДОДА
2010 ж. 12 қараша
5132
0
2010 жылдың 1-7 қараша күндері Астанада тұңғыш рет ұлттық зияткерлік ойынымыз – тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Бұл іс-шара қазақ халқының тоғызқұмалақ сияқты спорт түрін әлемдік деңгейге дейін көтергендігінің белгісі. Осы арқылы халқымыз адамзаттың спорт тарихына да өзіндік үлесін қосу болып табылады. Тоғызқұмалақ ойыны зияткерлік спорттың ішіндегі ең күрделі түрлерінің бірі, бұл ойынның 4 мың жылдық тарихы бар. Игілікті, тарихи іс-шараны Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Спорт комитеті, Қазақстан Республикасының Тоғызқұмалақ қауымдастығының ұйымдастыруымен және халықаралық Тоғызқұмалақ қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылды. Ашылу салтанаты өзге спорт жарыстарының ашылу салтанатына үлгі боларлықтай өтті. Нағыз қазақы нақышта концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, тек спортымызды ғана емес ұлттық аспаптарымызды, билерімізді де насихаттап жіберді. Осындай сүйсінерлік тамаша спорттық ойынымызға шетелдіктер ынта-ықыласымен құрмет көрсетіп жатқанда ел тізгінін ұстаған басшылардан – депутаттардың, министрлердің немесе басқа да шенеуніктердің төбе көрсетпеуі таң қалдырды. Әншейінде көрінген той-томалақтардан қалмай жүретін шенеуніктерімізге не болған деп ойладық.
Алғашқы әлем чемпионатына Әзірбайжан, Германия, Испания, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Грузия, Монғолия, Түркия, Түркменстан, Ресей, Чехия, Швейцария, Египет және Антигуа-Барбадуа сияқты елдерден барлығы 50-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс барысында журналистер шетелдіктерден сұхбат алып жатқан кезде тоғызқұмалақтың қандай ойын, қандай пайдасы бар екендігі туралы бізге түсіндіріп жатқанда кірерге жер таппай кетеді екенсің. Сондықтан өз құндылықтарымызды өзіміз ардақтай алуымыз үшін жастар арасында кеңінен насихаттауды қолға алу керек. Адамның адамнан артықшылығы ақыл-ойымен өлшенсе, сол ақыл-ойымызды дамытатын тоғызқұмалақты әрбір қазақ үйренуі тиіс. Ал қазақ жастары тоғызқұмалақ жарысы өтіп жатқанда топастықты, жауыздықты насихаттайтын шетелдік жын-шайтанның мерекесін (хеллиуейн) думандатып қатты шаршап демалып жатқан болатын.
Енді осы жарыста қазақ елінің намысын қорғаған, Қазақстан Республикасының құрама командасының атынан өнер көрсеткен спортшыларымызға тоқталсақ: ерлер арасында хдсш А.Сейтжанов (Астана қаласы), хдсш Ғ.Темірбаев (Оңтүстік Қазақстан облысы), сш Б.Әбілбеков (Қостанай облысы), қыздар арасында хдсш Д.Кенина (Павлодар облысы), хдсш Ә.Далиева (Қызылорда облысы), хдсш С.Сапарбекова (Оңтүстік Қазақстан облысы).
Қазақтың төл зияткерлік ойыны тоғызқұмалақ соңғы жылдары жоғарғы қарқынмен дамып келеді. Тоғызқұмалақ қауымдастығы, Қазақстан Республикасы Туризм және Спорт министрлігі, облыс әкімшіліктерінің қолдауы арқасында бұл ойынмен шұғылданушылардың саны 100 мың адамға жақындады. Тоғызқұмалаққа халықаралық деңгейде де қызығушылық өсіп келеді. Қазір тоғызқұмалақпен тек шетелдегі қазақтар ғана емес, Англия, Франция, Германия, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Қытай мемлекеттерінде де жергілікті халықтардың арасында ойнаушылардың саны артуда.
Тоғызқұмалақ алты рет 2006 жылы – Лондонда, 2007, 2008, 2009 және 2010 жылдары - Прага мен Пардубицеде (Чехия), 2010 ж. – Каннда (Франция) дүниежүзілік зияткерлік олимпиада мен фестивальдердің бағдарламасына енді.
2007 жылы Македонияның Охрид қаласында өткен Түркі тілдес халықтардың жастар құрылтайында 40 елден келген 240 делегатқа ұлттық ойыннан семинар өткізілді.
Шетелдегі тоғызқұмалақ жанашырлары үшін Англияда /2009 ж./, Швейцарияда /2008 ж./, Колумбияда /2008 ж./, Қытайда /2008 ж./, Түркияда /2007, 2008, 2009, 2010 жж./, Өзбекстанда /2009, 2010 жж./, Қырғызстанда /2010 ж./, Ресейде /2007, 2008, 2010 жж./ бірнеше таныстырушылық шаралар және халықаралық жарыстар ұйымдастырылды.
Бүгінгі күннің тағы бір маңызды оқиғасы 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап, әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, www.iggamecenter.com – сайтында тоғызқұмалақтың онлайн жүйеде ойнайтын бағдарламасы жасалынды. Алдағы уақытта төрткүл дүниенің мықты ой шеберлерімен осы сайтқа кіру арқылы электрондық бағдарламада тоғызқұмалақ ойнауға, ойын шеберлерінің партияларын талдауға, сақтауға болады.
Фазылбек Әбсаттарұлы
Астана