Медеу Арынбаев аяқасты мәлімдеме жасады (Фото)
2015 ж. 07 ақпан
6130
6
"Мен Гүлім Жүсіпбекованың «Қазақстан дауысы» финалына өткенін қаламаймын"
Астана. 5 ақпан. Baq.kz - Танымал қазақстандық эстрада әншісі Медеу Арынбаев «Қазақстан дауысы» мегажобасы шеңберінде аяқасты мәлімдеме жасады. Ол өзінің тәлімгерлерінің бірінің финалға шығуына қарсы екенін айтты. Бұл туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Баспасөз қызметі жобаны ұйымдастырушыларға сілтеме жасап хабарлады.
- Мен Гүлім Жүсіпбекованың «Қазақстан дауысы» жобасының финалына өткенін қаламаймын. Әрине, маған тәлімгер ретінде бұлай айту оңай емес. Өйткені, тобымдағы үміткерлердің бәрі маған бірдей. Дегенмен, әділін айтатын болсақ, Гүлімге қарағанда Мақсат Мақұлбековтың ән орындау шеберлігі басым, дауысы күшті, кәсіби деңгейі жоғары, - деді Медеу Арынбаев.
«Бетің бар, жүзің бар» демей тік сөйлейтін Медеу шәкіртіне көңілі толмайтынын жасырып қала алмады. Соңғы кездері Медеу мен Гүлімнің арасында түсінбеушілік туындаған көрінеді. Өйткені, тәлімгері ұсынған әнді шәкірті айтқысы келмейді екен.
«Әр тәлімгер ақтық сынға ең жүйрігін қосқысы келеді. Мен де жасырып қайтейін, ақпанның 15-де өтетін финалда Мақсатты көргім келеді. Бірақ, Гүлімнің қолдаушылары көп болғандықтан алдағы жексенбі, 8 ақпандағы тікелей эфирде тағы да Гүлім озып, Мақсат жобадан шығып қала ма деп алаңдап жүрмін. Мұндай мегажобаның ақтық сынында нағыз дүлділдер шайқасуы тиіс», - дейді Медеу Арынбаев.
Өз кезегінде Г.Жүсіпбекова тәлімгерінің жасаған мұндай мәлімдемесін түсінбейтінін айтты.
- Мен Медеу Арынбаевты әнші ретінде сыйлаймын. Жобаның «Көрмей тыңдау» атты алғашқы іріктеу кезеңінде маған Медеу мен Нұрлан ағалар қатар бұрылғанда Медеуді таңдағанмын. «Шайқас» кезеңінде мені қолдап, жобада қалдырды. Оған ризашылығым шексіз, - дейді Гүлім. Бірақ соңғы уақытта тәлімгерін түсінбей жүргенін айтады.
- Дайындық кезінде Мақсатқа көбірек көңіл бөліп, маған мән бермейді, менімен жұмыс істемейді. Қазір әндеріме Медеу ағасыз өзім дайындалып жүрмін. Берген әнінен бас тартқаным үшін ренжіген шығар. Маған Жанар Дұғалованың әнін орындауды ұсынды. Келіспедім. Өйткені Жанардың әндері менің табиғатыма келмейді. Мақсат опера әншісі, сондықтан классикалық әндерді шырқап келеді. Неге маған жаныма жақын халық әндерін орындамасқа, - дейді Гүлім Жүсіпбекова.
gu-gu.kz