ХАНҒА ЛАЙЫҚ «ХАНШАТЫР»

d185d0b0d0bd-d188d0b0d182d18bd180d18b2

Астана тойын көрген де арманда, көрмеген де арманда

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,

Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүкіл қазақстандықтарды елордамыз Астананың туған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Жыл сайын өркен жайып, гүлденіп келе жатқан елордамыз бүкіл қазақстандықтардың қуанышы мен шаттығының үлгісі. Астанамыз келген қонақтарды таң қалдыратын, Еуразияның ең көркейген сәулетті қаласының біріне айналды. Жыл сайын, ай сайын жаңа ғимараттар іске қосылып жатыр. Екі-үш ай Астанаға ат басын бұрмаған адам қаланың өзгерістерін көріп, танымай қалып жатқаны рас. Осының барлығы экономикамыздың, халқымыздың өміріндегі өркенді істердің көрінісі болып табылады.

 

Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ,

Астана қаласының әкімі:

Сіздерді Елорданың 12 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Астана – Елбасының перзентіндей болған жас қала, аймақтарға үлгі, өңірлерге өнеге берген бас қала. Жылдан-жылға керегесін кеңейтіп, іргесін бекітіп, әлеуетін арттырып келеді. Келешегі жасампаз жобаларға құрылған Елорда – мемлекетіміздің бүгінгі жетістіктері мен жеңістерінің жарқын айнасы. Елбасының алысты болжаған көреген кемел идеясы мен еселі ерен еңбегінің нәтижелі жемісі. Сондықтан да Астананың туған күні – Елбасының кемелі, ал Елбасының туған күні – Астананың, еліміздің мерейі.

Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақ пен береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін!

 

 

Игорь КРУТОЙ, Ресейдің халық әртісі, композитор:

 

- Мен үшін маңыздысы қаламақы емес. Оның үстіне Астана мэрі Иманғали Нұрғалиұлы екеуміз ежелгі достармыз. Ал достық мен үшін қаламақыдан да маңыздырақ.

 

Дмитрий МЕДВЕДЕВ, Ресей Федерациясының президенті:

– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді мерекеңізбен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, үлкен бақыт, қызметіңізге мол табыс тілеймін. Отбасыңыз аман болсын, Қазақстанға ұзақ жылдар басшылық жасай беріңіз.

 

 

 

Көкте желбіреген көк ту

 

Сәулеті мен дәулеті жарасқан айбынды Астанамыз биыл мүшел жасқа толды. Биылғы қала күні мерекесі ел-жұрттың есінде қаларлықтай ерекше өтті. Астана тұрғындары мен қонақтары Елорданың көрсе көз тоярлық көркем жерлерін тамашалады. Саябақтар мен орталық алаңдарда күмбірлеген күй мен әуезді әннің әуені көпшіліктің көңілін бір серпілтті. Астананың туылған күні жылдағы дәстүр бойынша «Атамекен» мемориалды кешенінің алдында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың мемлекеттік туды салтанатты түрде көтеру рәсімімен басталды. Бұл күні «Атамекен» мемориалды кешені күндегіден өзгеше құлпырған күйге енді. Президенттің қолынан офицер шенін алуға келген сарбаздардың ішкі тебіренісі әсте бөлек еді. Олардың қандай ұлт өкілі екеніне қарамастан, қазақ тілінде саңқылдап тұрғандары көңілге қуаныш ұялатады.

Дүниені шарлаған «Дежа вю»

 

Бұл күні Астана саябағында «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі өтті. Мұнда қаз-қатар тізілген киіз үйлер мен шеберлер қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары адамды еріксіз өзіне баурап алды. Сахнада шырқалған түркі әлемінің жыршы-терме­шілерінің жырлары құлақ құрышын қандырды. Ал, саябақтың орта шеніндегі өткен дала циркінің өнерпаздарына таңданбасқа шараң жоқ.

Осындай таң-тамаша қызықтан кейін, әлемге аты мәшһүр орыс пианисі Денис Мацуевтің концертін тамашалаған жұрттың әдемі әсерге бөленгені анық. Ал, Ресейдің халық әртісі, опера жұлдызы Дмитрий Хворостовский мен әйгілі композитор, әрі әнші Игорь Крутойдың біріккен «Дежа вю» концерттік бағдарламасы да Астананың туған күніне ерекше тарту болды. Бұл концертке Елбасы Н.Назарбаев қатысып, ыстық ықыласын білдірді. Ресей жұлдыздарының опералық моно-шоуы барысында ариялармен қатар балладалар, әндер орындалды.

 

Ханға лайық

«Ханшатыр»

 

Астана күні мерекесінің аясында Елбасының қатысуымен “Хан Шатыр” сауда ойын-сауық орталығы салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев, Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүл, Украина Президенті Виктор Янукович, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Серж Саргсян қатысты. Әр елдің Президенттері қазақстандық және шетелдік өнер шеберлерінің концертін тамашалады. “Сарыарқа” күйімен ашылған салтанатты шарада “Көшпелілер” қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Салтанатты рәсім барысында көшпелілердің жылдар бойы қалыптасқан мақсат-мұраттарын жеткізетін қойылым да көрсетілді. Қойылымда Махамбет батырдың атақты “Егеулі найза қолға алмай” өлеңінен үзінді оқылып, Құрманғазы атындағы оркестр Махамбеттің “Жорық” күйін нақышына келтіре орындады. Сонымен қатар еліміздегі этно-мәдени бірлестіктердің өнер ұжымдары мен балет әртістері “Күн адамдары” би қойылымын ұсынды. Бағдарлама одан әрмен қазақстандық және шетелдік өнер шеберлерінің шырқаған әндерімен жалғасты.

Мемлекеттік капелланың жиынтық хоры мен “Хан Шатыр” ойын-сауық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне арнайы шақырылған әлемге танымал әнші Андреа Бочелли концерт қойды.. Салтанатты тұсаукесер рәсімінде “Хан Шатыр” күмбезінен құлдилаған “Алтын адамның” күмбездің алауын тұтатуы ел есінде ерекше сақталары сөзсіз. Салтанатты шара ғаламат отшашумен аяқталды. Астана аспанын жарты сағат бойы жұлдыздар жауып, бас айналдырар асқан ғажайып Елорданы ертегілер шаһарына айналдырып жіберді.

Осы тұста әлем жұртшы­лығының назарын өзіне аударған «Хан шатыр» орталығына кеңірек тоқтала еткеніміз жөн шығар. «Хан шатыр» орталығы әлемге аты танымал ағылшын сәулетшісі Норман Фостердің қиялынан туыпты. Оның биіктігі 150 метр. Орталық көшпелі халықтың қолымен тұрғызылған хан шатырларының жиынтығына ұқсайды. Ғимараттың іші көздің жауын алатын бірнеше табиғи ландшафтпен өрнектеліп, безендірілген. Замануи материалдармен қапталған ғимараттың құрылғылары арқылы түскен табиғи жарық айналаны ерекше бір нұр шашып тұрғандай. Сонымен қатар жүзу бассейні, аквапарк және әмбебап жабық жағажай қонақтарға есігін айқара ашты. Хан шатырын тамашалауға келген демалушылар құс жолы биіктігі арқылы Астананың көрікті жерлерін тамашалай алады. Осындай тамаша архитектуралық нысанда қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын көңілді өткізе алады. Мұнда түрлі ойын-сауық орындары жетерлік. 130 мың шаршы метр аймақты алып жатқан кешеннің құрылымы әлемнің бірде-бір мемлекетінде жоқ екендігін айта кетсек артық болмас.

Ресей президентінің қазақша­сы қазақ шенеуніктерінен тәуір екен...

ХХ ғасырдағы Астананың бір бөлігін көшпелілердің көрген көрінісімен хандар дәуірінің ғажайып салтанатына айналдырып жіберген «Хан шатырдың» ашылу мерекесінде құрметті қонақтар Елорда мен Елбасының мерейтойларына арнаған ақ тілектерін жеткізді. Әсіресе, Ресей Президенті Дмитрий Медведев қазақ мемлекетінің көсеміне қазақ тілінде құттықтау айтуы керемет болды.

 

           Қазақстанға бір-екі рет ғана келген Ресей Президентінің қазақшасы өмір бойы осында тұрып жатқан кейбір қазақ шенеуніктерінің қазақшасынан асып түсті. Ресей Президентінің бұл қазақшасын естіген біздің Ерлан Ыдырысов секілді қазақша қақпайтын шенеуніктерде намыс болса өз еріктерімен отставкаға кететін шығар деп ойлаймыз. Янукович Назарбаевты «Бостандық» орденімен марапаттады. Абдулла Гул де Қазақстан басшысына ақ тілегін арнады. 90-ға келген тарланымыз, академик Салық Зиманов Елбасына бата берді.

 

Жалпы Елорда тойы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде өтті. Қысқаша айтқанда Астана тойын көрген де арманда, көрмеген де арманда!..

 

Гүлмира  САДЫҚОВА