Ресей өз "батыры" Мұсабаев арқылы Қазақстаннан жер сұрады

BV МусабаевРесей елімізден зымыран қалдықтары құлайтын қосымша жер сұрап отыр. Бұл жолы көршілеріміздің көзі Солтүстік Қазақстанға түсіпті.

Осы талабын орындасақ қана Мәскеу "Байқоңыр" айлағында еліміздің экологиялық кодексімен санаспақ. Бүгін Мәжіліске келген Талғат Мұсабаев осылай деп депутаттарға шағынды, деп хабарлайды КТКарнасы. "Қазғарыш" басшысының сүйінші хабары да бар екен. Айтуынша, жуырда қазақстандық азамат Қытайдың ракетасымен ғарышқа аттануы мүмкін. Халық қалаулылары ең алдымен Талғат Мұсабаевтан Байқоңыр ғарыш айлағы Қазақстанның экологиялық кодексімен қашан санасатынын сұрады. "Бірнеше күн бұрын екі мемлекеттің үкіметтері өзара келісімге қол қоймақ болған. Бірақ Ресей Солтүстік Қазақстандағы нөмері 120-шы ауданды сұрап отыр. Сонда ғана Байқоңыр айлағына еліміздің Экологиялық кодексін енгізбек. Әзірге біз оған келіспедік", - деді Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы. Депутаттар қазақстандық қос спутник – "Қазсат-2" мен "Қазсат-3" қазіргі жағдайына қызығушылық білдіріп еді Мұсабаев сыр алдырған жоқ. Ал, әңгіме жан жарамызға айналған гептилға ауысқанда"Қазғарыш" басшысы: "Ресей "Протонға" балама зымырантасығыш тапқанша улануға мәжбүрміз" деп қысқа қайырды. "Протонды" "Зенит" зымырантасығышына ауыстыруға болады. Бірақ оған Мұсабаевтың қолымен көрсеткендей мол қаржы керек екен. Ал, ол "Роскосмосқа" мүлдем тиімсіз. Осындай сансыз сұраққа ашуланды ма әйтеуір ғарышкер соңында депутаттардың аты-жөнін ұмытып қалды. Рахмет, Бақытжан. Әкеңіздің аты, жақсы ұмытып қалдым. Түсінеді, бауырым ғой. Мәжілісмендерден кейін улы гептилді тілшілер де қозғады. Жуырда ақпарат құралдары "Роскосмостың" экс-басшысы гептилден қайтыс болды деген ақпарат тараған еді. Бұл сұрақ Мұсабаевты одан бетер ашуландырды. Осылайша "Қазғарыш" басшысы гептилден өлгендерді түгендегенше отандық ғарыш саласындағы жетістіктерді жеткізіңдер деп отыр. Мұсабаевтың айтуынша, 2017 жылы Халықаралық ғарыш станциясынан қазаққа да орын бұйырып, еліміздің азаматы ғарышқа Қытай техникасымен ұшуы мүмкін. Ал, келесі жылы Ресей жалға алған аумақтан "Зенит" кешені Қазақстанға қайтарылып беріледі екен. Сондай-ақ "Қазғарыш" төрағасы отандық зертханаларды жаңарту үшін бюджеттен 3 млрд теңге сұрады.

"Ұлт" порталы