БАҚ жұмысы басты назарда
2010 ж. 22 маусым
1619
0
Жақында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев еліміздегі мемлекеттік БАҚ басшыларының қатысуымен жиналыс өткізді
Жиында мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту мәселесі қаралды. Сонымен қатар, БАҚ-тың контентін жақсарту жолдары да назардан тыс қалмады. Жүргізілген мониторинг бойынша, «Хабар», «Қазақстан» «Еларна» каналдарының телекөру рейтингтерінің көтерілгендігі анықталды.
Мемлекеттiк арналарға жүргізілген мониторинг тақырыптық бағдарламалардың сапалық деңгейiнің жоғарылауы, жаңалық блоктардың және бизнес-шолулардың визуалды рәсімделуінің жақсарғаны көрсетіп берді.
«Алайда, жүргізушілер мен шолушылардың, операторлардың кәсiби деңгейлерін көтеру мақсатында, қажетті шаралар қолдану керек», - деді Асқар Жұмағалиев.
Кездесу барысында хабар тарату сеткасынан төмен рейтингтерге ие болған хабарлар алынып, орындарына басқа бағдарламалар енгізілетіні туралы сөз болды. Сонымен қатар, жаңа жобаларды талқылайтын Біріккен Шығармашылық кеңесінің отырыс графигін реттеу жағы да көзделді.
Сондай-ақ, «Хабар» агенттігі» АҚ, «Қазақстан» РТРК» АҚ ақпараттық технологияларын жаңғырту Тұжырымдамасын жасау мәселелері және «Мәдениет», «Балапан», «Білім арнасы» телеарналарын енгізу күні талқыға түсті. Сондай-ақ, спутниктік «Caspionet» арнасын және «Астана», «Шалқар», «Қазақ радиосы», «Хабар» радиостанцияларын қайтадан пішіндеу тұжырымдамасы да тасадан тыс қалмады.
Сонымен қатар, БАҚ редакторларына шығатын мақалалардың көлеміне, мазмұны мен өзектігіне, фотосреттердің жетіспеушілігіне көбірек назар аудару жөнінде ұсыныстар айтылды. Осыған байланысты, жиналысқа қатысушылар мемлекеттік басылымдарының жалпы фотобанкін құрастыруды ұсынды.
Иә, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жандандыруды жолға қойған жөн-ақ. Алдағы уақытта жекеменшік БАҚ-қа да жоғарыда атап көрсеткендей көңіл бөлінсе, құба-құп болар еді.