Шығыс Қазақстанға қыс қайта оралды
2014 ж. 21 мамыр
2397
0
Шығыс Қазақстанға қыс қайта оралды. Жазға санаулы күн қалса да Семейге қалың қар түсті. Ақ ұлпаның кесірі әсіресе бау-бақша иелеріне тиіп отыр.
Қардың ызғарынан көкөніс пен жеміс жидек үсіп кеткен. Ал қар аралас жаңбыр мен үскірік шығыстан бөлек, тағы Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарын да әбігерге салады деп болжап отыр синоптиктер, деп хабарлайды КТК арнасы.
Апта соңына қарай бұл өңірлерде температура минус 3-ке дейін төмендеуі мүмкін. Семейліктерге күн райы күтпеген сый ұсынды. Мамырдың соңы жақындаса да жаңбырдың орнына, жапалақтап қар жауды.
Таңертеңнен бері толастамаған ақ ұлпа адамдарды едәуір әбігерге түсірді. Дегенмен, синоптиктер қардың жауатынын алдын-ала ескерткенбіз дейді. Сондықтан өздері оған таңғалмай, тыныш отыр.
"Ғылыми болжам бар, қазақтың салты да бар "Құралай" деген. Әр жыл сайын Құралайда ауа температурасы градустан төмендейді", - дейді Семейдегі "Қазгидромет" бөлімшесінің бастығы Қанат Әбетов.
Мамырдағы қарға таңырқаған тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп қызықтаса, саяжайдағы жұрттың көңілі күпті. Ертерек салған көкөністері үсіп қалған. Ал аман қалғанын олар қымтап жатыр.
"Шама-шарқым жеткенше көкөністердің бетін жаптым. Алайда ол уақытша қорғаныс емес пе? Түнде суытатын болса, бұдан да түк қалмайды", - дейді Семей қаласының тұрғыны Николай Исаев.
Жауған қар біртіндеп ерігенімен, түнде сынап бағанасы 0 градустан төмендейді дейді мамандар. Ал қар аралас жаңбыр мен үскірік шығыстан бөлек, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарын да болуы мүмкін.
Семейдегі ақ ұлпа қар күн соңына дейін жаумақ. Синоптиктер күн тек келесі жұмада жылиды деп болжауда.
КТК арнасы