Күй-Қаршыға көкке ұшып кетті... Қазақстанның халық әртісі,
2010 ж. 16 маусым
1880
0
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі күйші, талантты композитор Қаршыға Ахмедияров 65 жасқа қараған шағында пәниден бақиға аттанды.
Қаршыға Ахмедиярұлы 1946 жылғы 25 наурызда қазіргі Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келді. 1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетін бітірген. 1986- 1988 жылдарда Мәскеу қаласында Жоғары дирижерлік курста оқыған.
1967-1994 жылдарда Қазақтың халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстр, жеке домбырашы және дирижер қызметін атқарды, әрі көркемдік кеңестің мүшесі болды. 1974 жылдан Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысып келді. 1994 жылдан профессор, 1996 жылдан домбыра кафедрасының меңгерушісі болып қызмет істеген. Қаршыға Ахмедияров өзінен кейінгі ұрпаққа өнегелі ұстаз бола білді. Домбыра шанағында ойнаған алтын саусақтар қазақ «Қаршыға» атты өнер мектебін қалыптастырған еді.
Қ.Ахмедияров өз ұлтын өнерімен сусындатып қана қоймай, АҚШ, Жапония, Франция, Куба, Швеция, Италия, Финляндия, Үндістан, Швейцария, Норвегия, Польша, Португалия, Чехия, Венгрия, Йемен, Ангола секілді көптеген елдердің көрерменедері мен тыңдармандарын өнеріне тәнті еткен әлем таныған жарық жұлдыздардың бірі еді.
Оның “Шашақты найза, шалқар күн”, “Шынар”, “Табыну” атты күйлер жинағы мен “Нарын”, “Қуаныш”, “Сағыныш”, “Атамекен”, “Атырау”, “Ақ қайың”, “Желдірме”, “Қайран әке”, “Жырау”, “Ғазиза”, “Қазанғап Ақжелең”, “Шамғон Ақжелең”, “Раушан гүлім”, “Би”, “Алтын ұя”, “Шабыт”, “Елбасы”, “Нұрғиса”, “Құрдастар” тағы басқа еңбектері оның қатардағы күйші емес, үлкен сазгер, өнердің жүйрігі екенін дәлелдеген еңбектер еді. Қаршыға Ахмедияров өзінің осы дара талантымен “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” музыкалық антологиясын әзірлеуге өлшеусіз үлес қосқан еді. нерімен өрге жүзген ердің ел алдындағы еңбегі еленіп, мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар, “Парасат” орденін омырауына тақты. Енді міне, бабалар салған жолмен ол Құрманғазы бастаған, Нұрғиса Тілендиев қостаған өнер тарландарының о дүниелік тұрағына қарай ұшып кете барды. Өнердің қаршығасы пәниден бақиға аттанғанымен, оның өлмес өнері мәңгілікке қалды.
Күй-Қаршыға көкке ұшып кетті. Күллі қазақтың қабырғасын қайыстырған қайғылы қаза бұл. Жатқан жерің жәннат, топырағың торқа болсын, аға.
Қаршыға Ахмедияровтың отбасы на, туған-туыстары мен бауырларының қай ғысына ортақтасып көңіл айтамыз.
Республикалық «Жас қазақ үні»
газетінің ұжымы