Ақтөбеде конституциялық реформалар аясындағы жергілікті өкілді биліктің рөлі талқыланды

Ақтөбеде конституциялық реформалар аясындағы жергілікті өкілді биліктің рөлі талқыланды

Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада «Конституциялық реформалар аясындағы жергілікті өкілді билік: жаңа міндеттер мен даму перспективалары» тақырыбында сарапшылар отырысы өтті. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру үдерісі аясында жергілікті өкілді органдардың рөлін талқылау, мәслихаттардың жаңа міндеттері мен даму перспективаларын саралау, сондай-ақ жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша сарапшылық пікір алмасу. 

Кездесуге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, саясаттанушылар, заңгерлер, жоғары оқу орындарының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам институттарының мүшелері қатысты. 

Талқылау барысында конституциялық реформалардың жергілікті мемлекеттік басқаруға ықпалы, мәслихаттардың өкілеттіктерін нығайту, өңірлердің мүдделерін қорғау және халық пен билік арасындағы байланысты жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Сарапшылар алдағы мәслихат депутаттарының сайлауының маңызына да тоқталды. Соңғы 23 жылда алғаш рет жергілікті өкілді органдарға сайлау парламенттік сайлаудан бөлек, дербес саяси науқан ретінде өткізілмек. Бұл жергілікті мәселелерге басымдық беріп, тұрғындардың өз өңірінің дамуына қатысты шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. 

— Конституциялық реформалар — еліміздің қоғамдық-саяси және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы маңызды кезең. Осы үдерісте жергілікті өкілді билік институттарының рөлі мен жауапкершілігін арттыру, олардың қызметінің тиімділігін жетілдіру, халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайту мәселелері ерекше маңызға ие.

Бүгінгі басқосуға қатысып отырған сарапшыларымыздың кәсіби пайымдары мен ұсыныстары талқылау тақырыбын жан-жақты ашуға мүмкіндік береді деп сенеміз, — деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров.

Басқосуда Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғазы Құрманалин үйлерді заңдастыру ісінің оңтайландыру керектігін, депутаттар бұл мәселеге жіті мән берсе, түрлі астыртын әрекеттердің жолы кесілетінін атап өтті. Ал Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің оқытушысы Сайпулла Сапанов мәслихаттар депутаттарын сайлау қарсаңында осы кездесудің маңызы ерекше екенін айта келе, еліміздің батыс өңірлерінен жиналған сарапшылар кеңесінің отырысын Ақтөбеде өткізуді дәстүрге айналдыруды ұсынды. Сол сияқты Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті құқықтану кафедрасының меңгерушісі, PhD доктор Айнұр Нурутдинова, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің доценті, философия ғылымдарының докторы Айнұр Жанғалиева, «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйым ассоциациясы» ұйымының жетекшісі Арман Елдесов тақырыпқа қатысты ой-пікірін ортаға салды.

Сонымен қатар, бір палаталы Құрылтай жағдайында мәслихаттардың өңірлік мүдделерді білдірудегі рөлі, жергілікті бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту, мемлекеттік органдардың халық алдындағы есептілігін арттыру мәселелері сөз болды. 

Жиында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жергілікті деңгейде жүзеге асыру, азаматтардың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру және жастардың өкілді билік жұмысына қатысу мүмкіндіктері жөнінде де пікір алмасты.

Талқылауға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлзат Көбенова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бижан Қалмағанбетов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Ахат Мырзалин де белсенді қатысты. Олар конституциялық реформалар жағдайында жергілікті өкілді органдардың рөлін арттыру, өңірлік мүдделерді қорғау, азаматтық қоғамның қатысуын кеңейту мәселелері бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Кездесу қорытындысында жергілікті өкілді биліктің тиімділігін арттыру, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды нығайту және өңірлік басқару жүйесін жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныс пен пікір айтылды.