АЛАШ АБЫЗЫ, АНТРОПОЛОГИЯ АҢЫЗЫ ДҮНИЕДЕН ӨТТІ...
2026 ж. 25 қараша
127
0
Бүгін Алаш абызы, антропология ғылымының аңызы Оразақ Смағұл 96 жасында дүниеден озды.
Бір ғасырға жуық антропология майданында атой салған ақтаңгермен бірге ғылымның бір дәуірі көшіп барады...
Ол қазақтың тұңғыш антрополог ғалымы, қазақ халқының этногенезі мен антропология мектебінің негізін салушы. ҚР Ұлттық Ғылым академиясы академигі, тарих ғылымының докторы, профессор.
Ғалым еңбектері қазақ халқының өз жерінде мыңдаған жылдар бойы үзілмей жалғасып келе жатқан генетикалық тұтастығы мен тарихи сабақтастығын ғылыми түрде дәлелдеп берді.
Әлемге әйгілі ғалымның қазақ ғылымына қосқан басты үлестері мен негізгі тұжырымдары:
• Антропология мектебі: Қазақстандағы антропологиялық зерттеулердің іргетасын қалап, алғашқы мамандарды тәрбиеледі.
• Генетикалық тұрақтылық: Қазақтардың антропологиялық типі соңғы 4-5 мың жыл ішінде осы атамекенде қалыптасқанын және сырттан келмегенін ғылыми түрде дәлелдеді.
• Популяциялық зерттеулер: Қазақ халқының соматологиялық, дерматоглификалық, одонтологиялық және изосерологиялық ерекшеліктерін кешенді түрде зерттеді.
• Көптомдық еңбектер: Қазақ елінің антропологиялық тарихына арналған ондаған іргелі монографиялар мен ғылыми еңбектер жарыққа шығарды.
Оразақ Смағұл 2011жылы жариялаған «Қазақ халқының антропологиялық тарихы» туындысы ғалымның көпжылдық зерттеулерін қорытындылаған, қазақ ұлтының қалыптасу кезеңдерін толық сипаттайтын құны зор кітап.
ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БЕЙНЕСІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ
Оразақ Смағұлов антропологиялық әдістер мен краниологияны (бас сүйекті зерттеу) пайдалана отырып, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың шынайы бет-бейнесін айқындауға және сүйектерін сәйкестендіруге зор үлес қосты:
Абылай ханның сүйегін зерттеу: 1999–2003 жылдары ұлт ұлыларының пантеоны Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген Абылай ханның сүйек қалдықтарына тарихи-антропологиялық сараптама жүргізді. Осы ерекше ғылыми зерттеудің арқасында хан сүйектері басқа мәйіттермен араласып кетпей, өз орнына қайта нақты жерленді.
Махамбет Өтемісұлы мен Әйтеке би: Ғалым белгілі антрополог М. Герасимовтың пластикалық антропологиялық реконструкция әдісін қолдана отырып, қазақтың ұлы ақыны және батыры Махамбет Өтемісұлының, әйгілі кемеңгер Әйтеке бидің және т.б. тарихи тұлғалардың бейнелерін ғылыми негізде қалпына келтіру ісіне атсалысып, өзі жетекшілік етті.
Әрине, мүндай мыңдаған жылдық тарих тереңіне тартып, ұлттық кодты қозғайтын бірегей ғылымды игерген ұлтшыл ғалымның жолы даңғыл бола қойған жоқ...
1977 жылы жарық көрген «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегі кеңестік империяның идеологиясына қайшы келіп, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) 15 жыл бойы қатаң бақылауға алды және кітаптарына шектеу қойылды.
Бүгін Қазақ үшін қандай қымбат, біртуар ғалымның өмірден өткенін қалың ел біле ме екен?!. Қимас тұлғаның жүрегі соғуын тоқтағанын сезінді ме жұрт?!.
Ұлт ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғалым Оразақ Смағұлдың орасан еңбегі қазақ халқымен бірге мәңгі жасай береді.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Қазақ ғылымы мен руханиятына, жалпы Алаш Еліне көңіл айтамыз!
Пейіште рухы шалқи бергей!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні