"Жансейіт Түймебаевтың арқасы": Тоқаев ҚазҰУ ректорын мақтады
2026 ж. 20 қараша
70
0
Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші жоғары оқу орындары өз филиалдарын ашқан.
Қазір бұл білім ордаларында 12 мыңнан астам студент білім алып, 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істейді. Олардың 600-ден астамы – шетелдік профессорлар, деп жазды "Жас Алаш".
Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстанда жоғары білім беру саласындағы халықаралық стратегиялық серіктестік бойынша 40 келісім жүзеге асырылып жатыр.
Сондай-ақ Президент Қазақстанның Лиссабон және Токио конвенцияларына қосылғанын атап өтті. Бұл құжаттар қазақстандық жоғары оқу орындарының дипломдарын шетелде мойындауға мүмкіндік береді.
"Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды. Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды", – деді Тоқаев.