Арман Қырықбаев: «Кітап оқитын ұлт» жобасы қазақстандықтарды кітап оқу мәдениетін дамытуға жұмылдырады
2026 ж. 04 қараша
29
0
Кітап оқитын ұлт қалыптастыру – мәдениет пен ағарту саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында оқырман мәдениетін дамыту, кітапхана инфрақұрылымын жаңғырту, отандық қаламгерлерді қолдау және ұлттық әдеби мұраны дәріптеу басымдықтары белгіленген.
Бұл жұмысқа мемлекеттік институттар, білім беру ұйымдары, кітапханалар, шығармашылық қауым және қоғамдық бастамалардың өкілдері қатысып келеді. Соның бірі – мектеп оқушыларын, студенттерді, педагогтерді, отбасыларды, еңбек ұжымдарын, мемлекеттік қызметшілер мен зиялы қауым өкілдерін қамтыған «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, марафонға 1,4 миллионнан астам адам қатысып, 574 мыңнан астам кітап оқылған, 50 мыңға жуық бейнепікір жарияланған. Соңғы екі аптада оқылған кітап саны 2,6 есе, бейнепікір саны 2,5 есе артты. Кітапқа сұраныс та өсіп келеді: тоғыз айда сатылым 31%-ға көбейіп, 87 мыңнан 114 мың данаға жетті. ҚазҰЭК пайдаланушыларының саны 367,6 мыңға жетіп, электронды басылымдар 6,3 миллионнан астам рет қаралды.
Жобаның басты міндеті – кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру. Бұл жұмыс бір реттік акциялармен немесе оқылған кітап санын есептеумен шектелмеуге тиіс. Оқырманның ойды саралау қабілетін дамыту, танымын кеңейту, отандық және әлем әдебиетіне қызығушылығын арттыру маңызды.
Осы мақсатта кітапханаларды дамыту, сапалы әдебиеттің қолжетімділігін арттыру, авторлар мен баспа ісін қолдау қажет. Балаларға, жастар мен ересектерге кітапты насихаттаудың заманауи тәсілдерін ұсыну да осы жұмыспен қатар жүруі тиіс. Жыл соңына дейін тағы 28 кітапхананы жаңғырту жоспарланған. Астана, Алматы және Қызылордада Президенттік кітапханалар салынып, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жұмысы жалғасып жатыр.