ОСК САЙЛАУ АЛДЫНДАҒЫ ҮГІТ ЕРЕЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ ЕСКЕ САЛДЫ
2026 ж. 02 қараша
64
0
Бүгін Орталық сайлау комиссиясында науқан кезеңінде сайлау алдындағы үгітті жүргізуге қатысты заңнама нормалары туралы хабарлады. Ортсайлауком мүшесі Ләззат Сүйіндік осы сайлау науқаны аясында сайлау алдындағы үгіт 1 қараша күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 28 қараша күні сағат 00:00-де аяқталатынын атап өтті. Дауыс беру алдындағы күн, яғни 28 қараша - тыныштық күні болып белгіленген. Бұл күні сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Сондай-ақ ОСК дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фото және (немесе) бейнетүсірілімін жүзеге асыруға және оны таратуға тыйым салынатынын еске салды. Өздерінің интернет-ресурстары мен онлайн-платформалардағы аккаунттарын пайдаланатын саяси партиялар мен кандидаттарға үгіт материалдарын шарт негізінде орналастыру туралы талап қолданылмайтынын түсіндірді.
Сонымен қатар, Қазақстаннан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға, анонимді үгіт материалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін әзірленбеген материалдарды пайдалануға тыйым салынатындығы аталып өтті.
«Дауыс беру күні және оның алдындағы күні кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынатынын еске салғым келеді. Бұған дейін орналастырылған үгіттік баспа материалдары бұрынғы орындарында сақталуы мүмкін. Интернет желісінде орналастырылған үгіт материалдары да бұрынғы орындарында қала береді. Алайда оларды интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Дауыс беру күнінің алдындағы бес күн ішінде және дауыс беру күні бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау қорытындыларының болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, сондай-ақ саяси партияларды қолдау мақсатындағы дауыс беру нәтижелерін жариялауға жол берілмейді», - деп атап өтті Ләззат Сүйіндік.