САЙЛАУҒА САҚАДАЙ САЙ "АҚ ЖОЛ"

САЙЛАУҒА САҚАДАЙ САЙ "АҚ ЖОЛ"

Астанада «Ақ жол» Демократиялық партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы өтті. Жиында партияның ағымдағы мәселелерінен бөлек, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бастамалар, шағын және орта бизнесті қолдау, құрылыс қарқынын арттыру және цифрландыру мәселелері талқыланды.

Форум барысында сөз сөйлеген "Ақ жол" лидері Дания Еспаева ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған Жолдауына кеңінен тоқталып, бірқатар маңызды мәселелер бойынша пікір білдірді. Атап айтқанда, Құрылтай төрағасының орынбасары Жолдауда айтылған Салық кодексін жетілдіру, цифрландыру қарқынын арттыру, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялау т.б. сияқты бірқатар бағыттар бойынша партияның ұстанымын жеткізді. 

Дания Мәдиқызы партия Мемлекет басшысының алдағы үш жылға арналған халықтық құрылыс бастамасын қолдайтынын, бұл бастама өңірлердегі инфрақұрылымды жаңартып, әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сонымен қатар, Президент Жолдауында көтерілген ШОБ-ты тексеруге мораторий жариялау, Салық кодексін қайта жетілдіру сияқты ұсыныстар "Ақ жол" Демократиялық партиясы тарапынан көптен бері көтеріліп келе жатқанын тілге тиек етті. Еске сала кетсек, бұған дейін де «Ақ жол» кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексіне бейімделуіне мүмкіндік беретін өтпелі кезең енгізуді, салықтық рақымшылық жасауды және тексерулерге мораторий жариялауды ұсынған болатын.

Дания Еспаева салық жүктемесін саралау жөніндегі партия бастамаларын да еске салды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнеске, тамақ және жеңіл өнеркәсіпке, технологиялық өндірістерге қолайлы жағдай жасап, қаржы және шикізат секторларына түсетін салық жүктемесін арттыру көзделеді. Оның сөзінше, Мемлекет басшысының бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескеріп, Салық кодексіндегі проблемалық нормаларды түзету жөніндегі тапсырмасы осы бастамаларды одан әрі пысықтауға жол ашады.

Кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау да – басым бағыттардың бірі. «Ақ жол» экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру жұмысын жалғастыруды қолдайды. Партияның бастамасымен 2017 жылы Қылмыстық кодекстен жалған кәсіпкерлік туралы бап алынып тасталды. Ал 2025 жылы партия кәсіпорын қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін орындауының өзі оларды ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты деп айыптауға негіз бола алмайтынын көздейтін түзетудің қабылдануына қол жеткізді.

Партия төрағасы отандық өндірушілерді жосықсыз бәсекеден қорғау және олардың ішкі нарыққа шығуына кедергі келтіретін мәселелерді шешу қажеттігіне де тоқталды. Осы орайда ол «Восток-Молоко» кәсіпорнының проблемаларын мысалға келтірді. Аталған мәселелерді зерделеу үшін оның бастамасымен Шығыс Қазақстанға арнайы жұмыс сапары ұйымдастырылған. Дания Еспаеваның айтуынша, мұндай түйткілдер жекелеген шаралармен шектелмей, жүйелі шешімдерді талап етеді.

Инфрақұрылымды жаңғырту да бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. 2029 жылдың соңына дейін бұл мақсаттарға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланған. Жобаларды жүзеге асыруға жергілікті кәсіпкерлерді тарту өңірлерде өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс.

«Парламенттік партия ретінде біз Мемлекет басшысының тапсырмаларын заң шығару жұмысының нақты күн тәртібі ретінде қарастырамыз. Белгіленген шаралардың іс жүзінде жүзеге асуына күш саламыз», – деп атап өтті Дания Еспаева.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайту мәселесін бұрыннан көтеріп келе жатқаны белгілі. Өз кезегінде партия төрағасының орынбасары, қоғам қайраткері Қазыбек Иса Президенттің бұл бастамасына тоқталып, шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасау қажеттігін айтты.

-Мемлекет басшысының Жолдауын кеше халықпен бірге біз де тыңдадық. Оның ішінде кәсіпкерлерді қолдау мәселесі маңызды. Біз бұрыннан кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз тексермеу керек деп айтатынбыз. Осы мәселе қайта қолға алынып, үш жылға мораторий жариялау ұсынылды. Шағын және орта кәсіпкерлерді тексермеу олардың дамуына жағдай жасайды, – деді Қазыбек Иса.

Форум аясында парламенттік жұмыс туралы айта келе, партия төрағасы Құрылтайда сегіз депутаттан тұратын «Ақ жол» фракциясының екі ай ішінде 12 депутаттық сауал жолдағанын хабарлады. Олар кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту мәселелерін қамтиды.

Жергілікті жерлердегі депутаттардың жұмысы туралы партияның Саяси кеңесінің мәслихаттармен жұмыс жөніндегі хатшысы Берік Дүйсембинов баяндады. Оның мәліметінше, VIII шақырылымда «Ақ жол» партиясынан 180 мәслихат депутаты сайланып, 17 партиялық фракция жұмыс істеді. Партия депутаттарының үштен бірін әйелдер мен жастар құрады.

Сонымен қатар, ол депутаттардың жүйелі жұмысының нәтижесінде шығындарды қайта қарау арқылы бюджет қаражатының 45 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік туғанын айтты.

Одан бөлек, делегаттар алдында сөз сөйлеген Дания Еспаева партияның алдағы мәслихат сайлауына 433 кандидатты ұсынуды жоспарлап отырғанын айтты.

-Алдағы мәслихат сайлауына партиямыздан 433 кандидатты ұсыну жоспарланып отыр. Олардың басым бөлігі бүгін осы залда отыр. Сондықтан қазіргі форумның сайлауға дайындық тұрғысынан маңызы ерекше, – деді ол.

Жиын барысында партияның жергілікті мәслихаттардағы депутаттарының жұмысы жоғары бағаланып, бірқатары мемлекеттік награда және "Үздік депутат" төсбелгілерімен марапатталды.

Жалпы, форум барысында партияның "Ақ жол Арулары" әйелдер қанатының жетекшісі Мейрамгүл Қабдығалиева, партияның Жастар кеңесі төрағасы Ханза Насруллаев, партия атынан Мәжіліс депутаты болған Меруерт Қазбекова, журналист Ғазиза Райымбек сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар көлемі жөнінде жиналған қауымға ауқымды ақпарат берді.

Осылайша "Ақ жол" демпартиясы алдағы саяси науқанға өзінің сақадай сай екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қазақ үні