Түркі әлемі және ғылым: ҚазҰУ-дың жаңа ауқымды бастамасы
2026 ж. 17 қазан
90
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келген Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Әзірбайжан және Түркия ғылым академияларының президенттері оқу ордасының ғалымдарымен кездесті.
Жүздесуге сондай-ақ Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, оқытушы-профессорлық құрам мен жас зерттеушілер қатысты.
Шараны ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев ашып, түркі әлемі Ғылым академияларының басшыларына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ректор ҚазҰУ-да түркі халықтарының ортақ тарихи және мәдени мұрасын зерттеуге ерекше мән берілетінін атап өтті.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да түркология ғылымын дамытуға арналған халықаралық конференциялар мен семинарлар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Жуырда университет қабырғасында Баку құрылтайының 100 жылдығына арналған халықаралық симпозиум өтті. Бүгінде түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру аса маңызды. Осы ретте ортақ ғылыми мақсаттарды айқындап, бірлескен зерттеулерді үйлестіретін арнайы ғалымдар тобын құру қажет деп санаймын», – деді ректор.
Өз сөзінде Жансейіт Түймебаев ортақ жобаларды бірлесіп әзірлеп, жүзеге асыру қажеттігін жеткізді. Ректордың айтуынша, мұндай бастамалар ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, түркология саласындағы зерттеулердің дамуына тың серпін береді.
Сөз соңында оқу ордасының басшысы түркі әлемі Ғылым академияларының президенттерін «Фараби» алтын медалімен марапаттады.
Өз кезегінде Түркия ғылым академиясының президенті Шекер Музаффер ҚазҰУ-дың ғылыми әлеуетін жоғары бағалады.
«Түркі әлемі Ғылым академияларының мақсаты бір. Сондықтан баршамыз бірігіп, ортақ құндылықтарды сақтай отырып, әріптестік байланысты тереңдетуіміз қажет. Қазір жаңа технологияның дәуірі. Сондықтан жасанды интеллект саласындағы серіктестігімізді арттыру керек», – деді Шекер Музаффер.
Кездесу барысында Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия ғылым академияларының басшылары сөз сөйлеп, ғылыми байланыстарды нығайтуға және өзара ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.