“АҚ ЖОЛ” ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫ АУЫСТЫ

“АҚ ЖОЛ” ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫ АУЫСТЫ

Өткен жұмада, 2026 жылы 10 қыркүйекте “Ақ Жол” Демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы ауысты.

“Ақ Жол” Демократиялық партиясы Алматы облыстық конференциясына “Ақ Жол” партиясы төрағасының орынбасары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдары депутаты Қазыбек Иса және ҚР Құрылтайы депутаты Мейраш Шынәсіл қатысты. 

Бұрынғы филиал төрағасы Мейраш Шынәсіл биыл ҚР Құрылтайы депутаты болып сайланғаны белгілі.

Енді “Ақ Жол” Демократиялық партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы болып Абзалбек Сағымбекұлы конференция делегаттарының шешімімен бірауыздан сайланды. 

Жаңа төраға Абзалбек Сағымбекұлы жоғарғы заңгерлік және экономикалық білімді, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес саласында жинақтаған мол тәжірибесі бар. Ол Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің аппаратында қызмет атқарып, кәсіпорындарды басқарған. Жетісу облысы Текелі қаласы мәслихатының VII шақырылым депутаты болып, халық аманатын орындаған кәсіпкер.

 “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Құрылтай депутаты Мейраш Шынәсілге облыс филиалы төрағасы ретінде өңірдегі көп жылдық еңбегі үшін партия атынан рахмет айтып, жаңа төраға Абзалбек Сағымбекұлына Ақ жол тіледі.

Облыс аудандарынан келген партия белсенділері, облыстық мәслихат депутаты Сергей Коряной, аудандық мәслихат депутаттары Амангелді Құдайберді, Ләззат Уәлихан, Дулат Бармашық және тб сөз сөйледі. Олар қазіргі уақытта Құрылтай депутаты болып отырған филиалдың бұрынғы төрағасы Мейраш Шынәсілдің атқарған жұмысына оң баға беріп, жаңа жоғары қоғамдық-саяси қызметіне табыс, ал, филиалдың жаңа басшысына сәттілік пен жемісті жұмыс тіледі.

Абзалбек Сағымбекұлын жаңа қызметке сайлануымен құттықтай отырып, өңір тұрғындарының игілігі жолындағы еңбегі нәтижелі, жемісті болуын тілейміз!

ҚАЗАҚ ҮНІ