Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Оның кандидатурасын Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Мемлекет басшысы ұсынды.

«Бұл – конституциялық мәртебесі бар, беделді лауазым. Сондықтан бұл лауазымға елге белгілі, халық пен биліктің арасында дәнекер болатын азамат келуге тиіс деп санаймын. Осының бәрін ескере отырып, мен Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасын ұсынамын. Бұл азаматты бәріңіз жақсы білесіздер, жауапкершілігі жоғары, білікті, тәжірибесі мол тұлға. Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті, бұл жұмысты абыроймен атқарды. Мәжіліс Төрағасы ретінде ауқымды реформаларды іске асыруға белсене атсалысты. Енді Халық Кеңесі Төрағасы ретінде табысты жұмыс істеп, қоғамдық келісімді нығайтуға мол үлес қосатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Ерлан Жақанұлы Қошановтың кандидатурасына мұқият назар аударып, қолдайсыздар деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент консультативтік мекемеге кәсіби білігі жоғары мамандар, абырой-беделі зор, нағыз отаншыл азаматтар мүше болғанын айтты.

«Олардың қатарында жұртшылыққа белгілі тәжірибелі тұлғалар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен көптеген белсенді азаматтар бар. Құрылтайдың алғашқы отырысында айтып өткенімдей, ауқымды реформалардың арқасында мемлекеттік басқару ісіне жаңа, жасампаз, озық ойлы азаматтардың келуіне жол ашылды. Ел мүддесі үшін адал қызмет ету – зор мәртебе әрі қастерлі парыз. Осы орайда, Сіздерге – Халық Кеңесінің әрбір мүшесіне ерекше жауапкершілік жүктеліп отыр. Сіздер ел игілігі үшін табанды еңбек етіп, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосасыздар деп сенемін. Ырысты ынтымағымызды, қоғамдық келісімді күшейту үшін белсенді түрде еңбек етесіздер деп ойлаймын», деді Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов үлкен сенім артып, Қазақстан Халық кеңесі төрағалығына ұсынған Мемлекет басшысына және Халық кеңесінің барлық мүшесіне ризашылығын білдірді.

— Бүгін баршамыз үшін айрықша күн. Біз ел өмірінде ерекше орын алатын жаңа институттың қалыптасқанына куә болып отырмыз. Оның жұмысына тікелей араласу құрметіне ие болдық. Мемлекетіміздің саяси жүйесінде халықтың мүддесін білдіретін жаңа саяси орган пайда болды. Халық кеңесінің құрылуы — Мемлекет басшысы жүргізіп отырған ауқымды әрі жүйелі саясаттың нақты нәтижесі, — деп атап өтті Е. Қошанов.

Айта кетейік, Ерлан Жақанұлы Қошанов 64 жаста. Ол 1962 жылы 14 тамызда Қарағанды облысының Шет ауданында туған. Жезқазғандағы Қарағанды политехникалық институтының филиалында (инженер-механик) және Қазақ мемлекеттік басқару академиясында (халықаралық экономист) білім алған. Еңбек жолын Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесарі, шебері болып бастаған.

Кейінірек Жезқазған облыстық сыртқы экономикалық байланыстар комитетінде түрлі қызметтер атқарды, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Үкіметтің Парламенттегі өкілі, Көлік және коммуникация вице-министрі, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы болды.

Әр жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары — Үкіметтің Парламенттегі өкілі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, Қарағанды облысының әкімі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы қызметтерін атқарып, 2022 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы және «AMANAT» партиясының төрағасы болды.