“Ақ жол” көтерген мәселе – бүгінгі жаңарған медициналық орталық

“Ақ жол” көтерген мәселе – бүгінгі жаңарған медициналық орталық

2023 жылдың 5 шілдесінде ақын, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының қиын жағдайымен танысқан еді.

Иә, ол кезде медициналық орталықтың жағдайы көңіл көншітпейтін. 1971 жылы пайдалануға берілген ғимараттың тозығы жетіп, газ құбыры болмағандықтан, қазандық көмірмен жұмыс істейтін. Қыс мезгілінде жылу мәселесі қиындық туғызатын. Жедел жәрдем көлігі ескі, стационардағы 19 орын толық жабдықталмаған, егу бөлмесі талапқа сай емес еді. Ғимараттың шатыры да жарамсыз болып, жауын кезінде ішке су кіретін.

Қазығұрт ауданы мәслихатындағы марқұм Болат Жамаш бастаған Ақжолдық депутаттардың ұсынған мәселесін Қазыбек Иса Парламентте көтеріп, Үкіметке ауыл тұрғындарының талап-тілегін жеткізді. Сол кездегі ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Денсаулық министрі Ажар Ғинаятқа депутаттық сауал жасады. Үкімет пен Түркістан облыстық әкімдігі бұл мәселені қолға алды.

Араға үш жыл салып, 2026 жылдың 18 тамызында Қазыбек Иса Жаңабазардағы медициналық орталыққа қайта келді. Бұл жолы ол жаңарған ғимараттың жағдайымен танысты.

Қазіргі таңда орталық 10 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда емханалық қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Профилактикалық және амбулаториялық ем жүргізіліп, скринингтен бастап, диспансерлік есепте тұрған пациенттерге дейін қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Тұрғындар тегін дәрі-дәрмекпен де қамтамасыз етіледі.

Стационарда 10 төсек-орын бар. Диспансерлік есепте тұрған пациенттер жоспарлы түрде 10 тәулікке дейін ем ала алады.

Ал орталық маңындағы бос тұрған ғимараттарды болашақта инсульттан кейінгі оңалту орталығына айналдыру жоспарда бар.

Үш жыл бұрын көтерілген мәселе – бүгін нақты нәтижеге айналды. Бұл – халықтың мәселесін көтеріп, оның шешімін талап етудің нақты көрінісі.

Кездесу соңында ақжолдықтар тұрғындарды 23 тамыздағы сайлауға белсенді қатысып, “Ақ жолға” дауыс беруге шақырды. Сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, ел игілігі үшін атқарылатын жұмыстарды таныстырды.

“Ақ жол” партиясынан Құрылтай сайлауына кандидаттар сапары Шардара ауданында жалғасты.

Кәмила Мәулен,

Түркістан облысы

"Ақ жол" демократиялық партиясының сайлауалды штабы есебінен төленген