Атом өнеркәсібінің болашағы: Алматыда МИФИ филиалының алғашқы түлектері марапатталды
2026 ж. 04 тамыз
47
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында жұмыс істейтін «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті Алматы филиалының алғашқы түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Жас мамандар «Ядролық физика және технологиялар», «Информатика және есептеуіш техника» білім беру бағдарламалары бойынша оқуын тамамдады.
Салтанатты шарада түлектерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев диплом табыстады.
Алқалы жиынға ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, МИФИ ҰЗЯУ Алматы филиалының жетекшісі Нұржан Нұрахов, сондай-ақ оқытушы-профессорлар, түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.
Өз құттықтауында министр Саясат Нұрбек атом саласы мен жоғары инженерия бағытында білікті кадрлар даярлаудың мемлекеттік маңыздылығына тоқталды.
«Сіздер әлемдегі ең мықты бейінді университеттердің бірін бітіріп шықтыңыздар. МИФИ дипломы – сіздерге көптеген мүмкіндіктер есігін ашатын маңызды құжат. Біз атом саласының дамуына үлес қосатын жоғары білікті инженерлер мен мамандарды бұдан әрі де жүйелі түрде даярлауымыз қажет».
Шарада ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев филиалдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылы ашылғанын және қысқа мерзімде инфрақұрылымы толық жаңартылып, заманауи білім беру ортасы қалыптасқанын жеткізді.
«Түлектеріміз ел игілігі жолында абыроймен еңбек етеді деген сенімдемін. Қазақстан мен Ресей арасындағы академиялық ынтымақтастық бұдан әрі де нығайып, білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашуда. МИФИ Алматы филиалының алғашқы түлектерді ұшыруы – осы серіктестіктің тиімділігінің айқын дәлелі», – деп атап өтті ЖОО басшысы.
Сондай-ақ жиынға онлайн форматта қосылған МИФИ ҰЗЯУ ректорының міндетін атқарушы Наталья Барбашина Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігіне және серіктес университет ұжымына стратегиялық әріптестік үшін алғыс білдірді.
Қазіргі таңда МИФИ ҰЗЯУ Алматы филиалында 140-тан астам студент білім алуда. Оқу процесіне Қазақстан мен Ресей Федерациясының жетекші оқытушылары жұмылдырылған.