Аймақтармен ашық диалог: «Ақ жолдың» төрағасы еңбек ұжымдарымен кездесуде

Аймақтармен ашық диалог: «Ақ жолдың» төрағасы еңбек ұжымдарымен кездесуде

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында «Ақ жол» демократиялық партиясы өңірлердегі еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен және кәсіби қауымдастықтармен кездесулерін жалғастырып келеді. Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында өткен кездесулер партияның сайлауалды бағдарламасының басты бағыты – экономиканың нақты секторын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және әлеуметтік саланы жетілдіруге басымдық беретінін көрсетті.

Партия төрағасы Дания Еспаева бастаған үгіт-насихат тобының жұмыс сапарларының негізгі ерекшелігі – өндіріс орындары мен еңбек ұжымдарында ашық пікір алмасу форматында өтуі. Бұл тәсіл партияның бағдарламалық бастамаларын таныстырумен қатар, өңірлердегі кәсіпорындар мен мамандардың нақты ұсыныстары мен мәселелерін тікелей тыңдауға мүмкіндік береді.

Жамбыл облысындағы 92 жылдық тарихы бар «Меркі қант зауытында» өткен кездесу агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен отандық өндірісті қолдау мәселелеріне арналды. Партия өкілдері өнеркәсіп кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау, қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыру және кәсіпкерлер үшін несиелендіру шарттарын жеңілдету жөніндегі бастамаларын таныстырды. Мұндай қадамдар өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне ғана емес, ауылдық жерлердегі жұмыспен қамтуды сақтауға және өңірлік экономиканы нығайтуға да ықпал етеді.

Қарағанды облысындағы «Seven Refractories Asia» кәсіпорнында өткен кездесу өнеркәсіптің жоғары технологиялық бағытына арналды. Металлургия саласына арналған өнім шығаратын кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесу барысында өндірістік әлеуетті күшейту, білікті кадрлар даярлау, қазақстандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелері талқыланды. Бұл партияның шикізаттық емес секторды дамытуға және өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыруға бағытталған ұстанымын айқындай түседі.

Ақтөбедегі «Дару» клиникасында өткен кездесу әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты – денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге арналды. Жүздесу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттыру, азаматтардың медициналық ұйым мен дәрігерді еркін таңдау мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік медицина ұйымдарына тең жағдай қалыптастыру жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Бұл бастамалар медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, медицина қызметкерлерінің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға бағытталған.

Ақтөбеде ұйымдастырылған бизнес-стартаптар форумы партияның жастар кәсіпкерлігін қолдауға ерекше мән беретінін көрсетті. Форум аясында жас кәсіпкерлер өз жобаларын таныстырып, банк секторының, IT индустриясының және даму институттарының өкілдерімен тәжірибе алмасты. Стартаптарды қаржыландыру, инновациялық жобаларды қолдау және кәсіпкерлікке қолайлы экожүйе қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл бастама экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде көрініс тапты.

Өткен кездесулердің мазмұнына талдау жасай отырып, «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасы төрт негізгі бағытқа сүйенетіні байқалады. Біріншісі – отандық өндірісті дамыту және өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау. Екіншісі – шағын және орта бизнесті күшейту, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру және қаржыға қолжетімділікті кеңейту. Үшіншісі – әлеуметтік салаларды, әсіресе денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту. Төртіншісі – жастардың экономикалық белсенділігін арттырып, инновациялық кәсіпкерлікті дамыту.

Өңірлердегі кездесулер партияның сайлауалды үгіт-насихаты тек бағдарламалық ұстанымдарды таныстырумен шектелмей, қоғамның әртүрлі топтарымен тікелей байланыс орнатуға негізделгенін көрсетті. Өндіріс орындары, медицина саласы, кәсіпкерлер және жастармен өткен ашық диалогтар экономиканың нақты секторындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің практикалық жолдарын ұсынуға мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде «Ақ жол» партиясының экономикалық даму, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы басымдықтарын айқындай түседі.

А. Тасқараұлы,

"Ақ жол" партиясының сайлауалды штабы есебінен төленген