145 МАНДАТҚА 545 КАНДИДАТ: ОСК ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМДЕРДІ ТІРКЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ШЫҒАРДЫ

145 МАНДАТҚА 545 КАНДИДАТ: ОСК ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМДЕРДІ ТІРКЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ШЫҒАРДЫ

Бүгін Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу кезеңі аяқталды. Аталған кезеңнің қорытындысы Орталық сайлау комиссиясының отырысында жария етілді.

Комиссия хатшысы Шавхат Өтемісов ОСК тарапынан барлық жеті саяси партия ұсынған тізімдер тіркелгендігін атап өтті.

«2026 жылғы 23 шілдедегі жағдай бойынша, Құрылтай депутаттарының мандаттарына үміткер 7 саяси партияның тізімдеріне 545 кандидат енгізілді. Депутаттық мандаттардың жалпы саны - 145. Әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қойылатын талаптарды барлық саяси партиялар сақтады. Жалпы партиялық тізімдер бойынша аталған санаттардың жиынтық үлесі 43,9%-ды құрайды. Оның ішінде 172 - әйелдер, 373 - ерлер. Мүгедектігі бар адамдар - 19 адам. 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар. Орташа жас - 45,4 жас», - деп хабарлады ОСК хатшысы.

Шавхат Өтемісов сондай-ақ сайлау процесіне қатысушыларға заңнама нормаларын атап өтіп, оның ішінде ОСК партиялық тізімді тіркеу туралы шешімді жоюға, сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген тұлғаны тізімнен шығару туралы шешім қабылдауға құқылы екендігіне тоқталды.