Бетон жолдар өз қалпынан айнуы мүмкін
2026 ж. 20 шілде
133
0
Қазақстанда ауа температурасының күрт көтерілуіне байланысты цементбетон жабындысы бар автомобиль жолдарында температуралық деформациялар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мәлімдеді.
Соңғы апталарда еліміздің бірқатар өңірінде ауа температурасы +35...+40 градусқа дейін көтеріліп, кей жерлерде +40 градустан асты. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда жол жамылғысының температурасы ауа температурасынан әлдеқайда жоғары болып, +60...+70 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Жоғары температураның әсерінен цементбетон плиталары табиғи түрде ұлғаяды. Соның салдарынан жол конструкциясында ішкі қысым пайда болып, белгілі бір шекке жеткенде плиталардың көтерілуі немесе қисаюы сияқты деформациялар туындауы ықтимал.
Ұлттық орталықтың мәліметінше, мұндай құбылыс цементбетон жолдарының пайдалану ерекшеліктерінің бірі саналады. Бұл жағдай әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея және Австралияда да тіркелген.
Мамандардың түсіндіруінше, мұндай өзгерістер бетон сапасының төмендігін немесе құрылыс технологиясының бұзылғанын білдірмейді. Негізгі себеп – аптап ыстық кезінде бетон плиталарының жылулық ұлғаюынан туындайтын ішкі кернеудің жиналуы.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы жол ұйымдары цементбетон жабындысы бар жолдарға тәулік бойы мониторинг жүргізіп жатыр. Анықталған ақаулар қолданыстағы талаптарға сәйкес жедел түрде жөнделуде.
– Экстремалды температура жағдайында пайда болатын жекелеген деформациялар әлемдік тәжірибеде кездесетін болжамды факторлардың бірі болып саналады, – деп хабарлады ведомство өкілдері.