Шымкентте күрделі нейрохирургиялық оталар жасалуда
2026 ж. 20 шілде
125
0
Шымкентте шетел азаматтарына күрделі нейрохирургиялық оталар жасалып жатыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, шетел азаматтары көбіне жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін жүгінеді.
Басқарма басшысының мәліметінше, Шымкент қалалық №2 ауруханасында 2024-2025 жылдары 46 шетел азаматына нейрохирургиялық ота жасалған.
– Оның ішінде 22-сі Тәжікстаннан, 14-і Өзбекстаннан, 5-еуі Қырғызстаннан келген. Сондай-ақ Ресей, Швейцария, Моңғолия, Түркия және Молдова азаматтары да бар. Пациенттердің басым бөлігі ми ісіктерін алып тастау, бет аймағындағы ауырсыну кезінде микроваскулярлық декомпрессия жасау және ми тамырлары патологияларына байланысты күрделі оталар үшін жүгінді, – деді Қайрат Қалибеков.
Биылдың өзінде Шымкентте Тәжікстанның төрт, Өзбекстанның екі азаматына және Швейцариядан келген бір пациентке нейрохирургиялық ота жасалған.
Спикердің айтуынша, көршілес елдерден келетін науқастар санының артуына отандық мамандардың халықаралық тәжірибе алмасуы да оң әсерін тигізіп отыр. Сонымен қатар медициналық қызметтің құны шетелмен салыстырғанда қолжетімді, ал емдеу мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.