ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АРБИТРАЖДАҒЫ АЙЫППҰЛ ДАУЫНЫҢ ТҮП-ТӨРКІНІ НЕДЕ?
2026 ж. 20 шілде
138
0
Еліміздің құзырлы органдары Қашаған кенішінде мұнай өндірумен айналысатын NCOC консорциумындағы инвесторлармен 2,3 триллион теңге үшін төрт жылға жуық уақыт бойы соттасумен келді. Бұл дау 2022 жылдың аяғында Атырау облысы Экология департаментінің тексеруінен кейін басталған еді. Департамент NCOC-дің мұнаймен ілесіп шығатын күкіртті сақтау ережесін бұзғанын анықтаған. Күкіртті ашық жерде сақтаудың шекті мөлшері 730 мың тонна екеніне қарамастан, аталған консорциумның шығарған зиянды заты 1,7 миллион тоннадан асып кеткен.
Содан сол 2022 жылдың желтоқсан айында Атырау облысының Экология департаменті NCOC-ге, дәл айтқанда, 2,356 триллион теңге (шамамен 5 миллиард АҚШ доллары) айыппұл салады. Әрине, бұл жерде теңгемен триллион, доллармен бірнеше миллиард дегенің тым асыра сілтеп жіберген ақша болып көрінуі мүмкін. Бірақ аталған департамент заң жүзінде әрекет етіп отыр. Еліміздің заңдары бойынша өндіріс қалдығын ашық жерге шекті мөлшерден асыра шығарып, қоршаған ортаға орасан зиян келтіргендер жауапкершіліктен оңай құтылмайды. Онда өте мол көлемде айыппұл қарастырылған. Өзіміздікі болсын, шет елдікі болсын, заң бәріне ортақ. Оны бәрі орындауға міндетті.
Алайда NCOC атыраулық атқамінерлердің шешімін орындағысы келмеді. Қазақстанның құзырлы органын мойындағысы келмеген шығар. Сөйтіп, бірнеше рет сотқа жүгінді. Түрлі сот барысында екі тарап алма-кезек жеңіске жетіп отырды.
2025 жылдың тамыз айында іс жүргізу рәсімі негізінде айыппұл алынып тасталды. Бірақ бұл іс кейінірек қайта қарала бастады. Ақыр аяғында, биыл маусым айында Атырау облыстық соты айыппұлды растап берді. Шетелдік инвесторлар сонда да қоймай, ЮНСИТРАЛ (БҰҰ Халықаралық сауда құқығы жөніндегі комиссиясы) арбитражына жүгінген. Ал Қазақстан билігі оның шешімін мойындамайтынын мәлімдеді.
Енді «Ақ жол» партиясы көтерген мәселеге келсек, мемлекеттің жоғарыдағы жайтпен қатар NCOC мен Қарашығанақ кенішінің операторы – Karachaganak Petroleum Operating (KPO) компаниясына басқа да талап арызы бар. Онда мемлекет мүддесіне PSA компаниясы өкілдік етуде. Қазақстан тарапы осы компанияларды жобаны жүзеге асыру барысында келтірілген шығынды асырып көрсетті деп айыптап отыр. Ол түскен пайда есебінен өтелуі тиіс болған. Ал шетелдік инвесторлар шығынды асырып көрсету арқылы мұнай өндіруден түскен табыстың шамамен 98 пайызын алып келген.
Мемлекет сол үшін өтемақы ретінде талап етіп отырған қаржы көлемі ресми түрде айтылған жоқ. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ол KPO бойынша 6 миллиард доллардан асады, NCOC бойынша тіпті 160 миллиард доллар шамасында. Әрине, тек өз пайдасын ойлайтын инвестор мырзалар мұншалықты мол қаржыны «мә» деп бере салмайды. Уақыт созуға тырысып, соттың әр инстанциясына шағымданады. Одан қалды, халықаралық арбитражға жүгінеді. Әйтеуір, бар амалын жасап бағады.
Арбитраж Қарашығанақ бойынша осы жылдың басында, яғни қаңтар айында Қазақстанның пайдасына шешім шығарды. Бірақ өтемақы көлемі, жоғарыда айтылғандай, 6 миллиард емес, 2-4 миллиард доллар деп есептелген. Оның үстіне Karachaganak Petroleum Operating бұл шешімге қатысты қайтадан шағымдана алады. Ал Қашаған ісі бөлек жалғаса бермек. БАҚ мәліметінше, ол кем дегенде 2028 жылға дейін созылуы мүмкін.
Қалдықты ашық жерге тастау болсын, шығынды асырып көрсету болсын, мәселенің қай-қайсысында да шетелдік инвесторлар өнімді бөлісу келісімін (ӨБК) уәж ретінде алға тартады. Яғни сонда біздің елге қатысты шикі тұстар болып тұр. 90-шы жылдары шетелдік инвесторлармен жасалған мұнай өнімін бөлісу келісімдері мен басқа да келісім-шарттарды жария ету мәселесін «Ақ жол» партиясындағылардың үнемі айтып жүретіні сондықтан. Сырттан келіп шаруасын дөңгелетіп отырғандарға есе жібермейміз десек, ӨБК жайын жақсылап ойланған жөн-ақ.
Сонымен, NCOC өкілдері күкірт өзі сондай жанама өнім екенін, сондықтан оны сақтауға кететін шығынды ортақ жобаның жалпы кірісі есебінен жабу керектігін айтады. Бірақ ондайда Қазақстанның табысы төмендейді. Сондықтан біздің тарап бұндай уәжбен келіспейді. Енді Қашаған операторы 2,3 триллион теңгені немесе шамамен 5 миллиард АҚШ долларын жобаның ортақ табысынан емес, өз қалтасынан төлеуге тиіс. Оларда басқа амал жоқ.
Бұл «инвесторларға қысым жасалып жатыр» деп бұлғақтайтындай жағдай емес. Мемлекет өз мүддесін заң аясында ғана қорғап отыр. Әркімнің әр жақтан келіп, заңсыз табыс табуына жол беріп, онымен қоймай, қоршаған ортаны сол әркімге ластатып қойып, қарап отыра берген әсте де жөн емес. Биліктің осыған құнтты болғаны – құптарлық іс. Осы жағынан алғанда, еліміздің Әділет министрлігінің ЮНСИТРАЛ арбитражының шешіміне мойын ұсынғысы келмеуі өте дұрыс қадам болды дей аламыз.
Еске сала кетейік, бұған дейін "Ақ жол" партиясы парламенттік фракциясы 90 жылдардағы шетел инвесторларымен мұнай өнімдерін бөлісу келісімдерін (ӨБК) және тұрақтандырылған келісім-шарттарды жария етуді үнемі көтеріп келген болатын.
Ал, 2025 жылдың қаңтар айының соңында кеңейтілген отырыс барысында Президент Тоқаев Қазақстан үкіметіне ӨБК келісімшарттарын ел үшін жаңартылған және тиімдірек шарттармен ұзарту бойынша келіссөздерді күшейтуді тапсырған болатын.
Сол кездегі "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Президенттің ӨБК шарттарын қайта қарау туралы тапсырмасын тарихи деп атаған еді.
Одан бөлек, 2023 жылы Азат Перуашев Жер қойнауының иесі - халық өз байлығының қалай пайдаланып жатқанын көре алмай отырғанын алға тартты.
2024 жылы "Ақ жол" халықаралық ұйымнан ірі мұнай-газ жобалары бойынша ӨБК шарттарын жария етуге ықпалдасуын сұрады.
Сондай-ақ, 2023 жылы да, 2024 жылы 12 маусымда да ҚР Парламенті Мәжілісінің Жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мұнай-газ, стратегиялық кен орындарымен жасалған құпия келісімшарттарды ашық жариялап, қайта қарауды, халыққа тиімсіз, әділетсіз келісімдерді тоқтатуды талап еткен “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын екі рет жарялады.
Қазыбек Исаның парламент мінберінен “90 жылдардағы мұнай келісімі Назарбаевқа зор келісім болғанмен халыққа қор келісім болды”-деп қатты айтқаны осы кезде болатын.
Сонымен қатар, 2025 жылы порталымызда Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның "МҰНАЙДЫҢ ТРИЛЛИОНДАРЫ ҚАШАН ТӨЛЕНЕДІ?!." атты үшінші сауалын да жариялаған болатынбыз.
Әділет министрлігінің әрекеті әділетті. Өйткені, 2026 жылғы 1 шілдеден күшіне енген ҚР Конституциясы бойынша Қазақстанның заңдарына халықаралық заңнамалар ықпал ете алмайды.
Оразәлі БАЙМҰРАТ,
Қазақ үні