Абай облысында үйлену кортежіне қатысқандарға 19 әкімшілік хаттама толтырылды
2026 ж. 24 маусым
47
0
Полиция мерекелік іс-шаралар жол қозғалысы ережелерін сақтаудан босатпайтынын ескертті.
Абай облысының Ақсуат ауылында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған үйлену кортежіне қатысушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Облыстық полицияның мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 21 маусым күні сағат 19:30 шамасында Ақсуат ауданының Ақсуат ауылындағы Қабанбай көшесінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше автокөліктен құралған үйлену кортежінің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін елемей, қауіпті маневрлер жасап, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтаған. Тексеру нәтижесінде Hyundai Tucson, Hyundai Santa Fe, Chevrolet, Toyota және Lada Priora автокөліктерінің бес жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Құқық бұзушыларға қатысты жалпы саны 19 әкімшілік материал толтырылған. Олардың қатарында маневр жасау қағидаларын бұзу, қауіпсіздік белдігін тақпау, апатты жағдай туғызу және көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтамау фактілері бар.
Сондай-ақ тәртіп бұзған жүргізушілердің автокөліктері мамандандырылған айып тұрағына қойылған.
Полиция мерекелік іс-шаралар жол қозғалысы ережелерін сақтаудан босатпайтынын ескертті.