Шұғыл! Өскеменде "Казцинк" зауытында жарылыс болды
2026 ж. 05 мамыр
114
0
Өскемен қаласында «Қазцинк» ЖШС-да болған жарылысқа қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс салдарынан өндірістік ғимараттың бір бөлігі опырылған.
— Оқиға орнына жеткен құтқарушылар жарылыс болғанын анықтады. Соның салдарынан цехтың бір бөлігі опырылды. Конструкциялардың жанып жатқаны да байқалды, — деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
Өрт оқшауланғаннан кейін құтқарушылар үйінділерді аршу жұмыстарына кірісті. Жалын шарпыған аумақ шамамен 120 шаршы метрді құрады. Оқиға кезінде қауіпті аймақта 32 адам болған.
— Тікелей оқиға эпицентрінде үш адам — аға шебер мен екі жұмысшы болған. Оқиға салдарынан екі адам қаза болып, бесеуі зардап шегіп, медицина қызметкерлеріне тапсырылды, — деді ол.
Қазіргі уақытта оқиға орнында авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиғаның себептері тексеру аяқталғаннан кейін анықталады, осы мақсатта арнайы комиссия да құрылмақ.
Бұған дейін «Казцинк» кәсіпорнындағы жарылыстан 9 адам зардап шегіп, олардың үшеуі ауыр жағдайда екендігі хабарланған болатын.