ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкім шықты

ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкім шықты

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды YK-news.kz порталы.

Сот шенеунікті кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Атап өту керек, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар сотта соңғы сөзін айтқаны хабарланған.

Еске салайық, 31 наурызда өткен сот жарыссөздер барысында айыптау тарапы Жақсылық Омарға тағылған баптар бойынша ең жоғары жаза — 6 жыл бас бостандығынан айыруды және заңсыз жолмен алынған мүлікті, атап айтқанда Toyota автокөлігін тәркілеуді талап еткен болатын. 

Прокурор жазаның қатаң болуын айыпталушының мемлекеттік қызметші антын бұзуы сияқты ауырлататын мән-жайлармен негіздеді.

Өз кезегінде шенеуніктің қорғаушылары жаза ретінде пара сомасынан 35 есе көп мөлшердегі ең жоғары айыппұл тағайындауды сұрады. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде адвокаттар айыпталушының бұрын сотталмағанын, бюджет қаражатын жымқырмағанын, мемлекеттік наградасы — «Құрмет» ордені бар екенін, 7 бала тәрбиелеп отырғанын, олардың бесеуі кәмелетке толмағанын атап өтті.

Бүгін Жақсылық Омар соңғы сөзін сөйледі. Оның айтуынша, СИЗО-да екінші ай отырған ол өз әрекеттері мен қылықтарын ой елегінен өткізген. Шенеунік айыппұлдың да өзі үшін оңай сынақ болмайтынын айтты.

«Мен қарызға батсам да, оны төлеймін», — деді Омар.

Еске сала кетейік, осы жылдың ақпан айында Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын түсіндірді.

Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары (Ірі көлемдегі алаяқтық) және 366-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы (Ірі көлемдегі пара алу) бойынша айып тағылуған болатын.