ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ КОАЛИЦИЯ ӨКІЛДЕРІ "ФУДМАСТЕР" КӘСІПОРЫНЫНЫҢ ЕҢБЕККЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
2026 ж. 04 наурыз
78
0
Ел болашағын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданып жатқан кезеңде мемлекет пен қарапайым еңбек ұжымдары арасындағы тікелей диалогтың маңызы арта түсетіні анық. Осы мақсатта Жалпыұлттық коалиция штабының өкілдері Түркістан өңіріндегі сүт өнімдері нарығындағы ірі кәсіпорындардың бірі - «Фудмастер» ЖШС-нің жұмысшыларымен арнайы кездесу өткізді. Жиынның басты тақырыбы - еліміздегі конституциялық реформалар мен олардың әрбір азаматтың өміріне тигізер әсері болды.
Кездесу барысында жалпыұлттық коалиция штабы төрағасының орынбасары Бердіғали Өмірәлі Ата заңға енгізілген өзгерістердің жай ғана саяси жаңару емес, ең алдымен еңбек адамының құқығын қорғауға бағытталған нақты қадам екенін атап өтті. Жаңарған Конституция әлеуметтік әділеттілікті нығайтып, еңбек нарығындағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге жол ашады. Осы тұрғыда Конституцияға енгізілген өзгерістер адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, еңбек адамының мәртебесін арттыруға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және ұлттық байлықтың халық игілігіне қызмет етуін нақтылауға бағытталғаны атап өтілді.
Сондай-ақ, жиында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Өз кезегінде коалиция өкілдері нақты сұрақтарға жауап беріп, қатысушыларды алдағы республикалық референдумға белсенді қатысып, ел болашағына бейжай қарамай, өз таңдауын жасауға шақырды.