"Ақ жол" кәсіпкерлері Qarmet корпорациясының өкілдерімен кездесті

"Ақ жол" кәсіпкерлері Qarmet корпорациясының өкілдерімен кездесті

Теміртау қаласында «Ақ жол» Демпартиясының еліміздің барлық өңірлерінен келген 70-тен астам мүдделі кәсіпкерінің Qarmet корпорациясының жергілікті қамтуды дамыту және осы тау-металлургия алыбының сатып алуларына жауапты бөлімшелері басшыларымен кездесу өтті.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партия төрағасы Азат Перуашев өзінің телеграм арнасында хабарлады.

Депутаттың жазбасын толық ұсынуды жөн көрдік.

***

Жақында Qarmet компаниясының бас акционері Андрей Лаврентьев Мемлекет басшысына баяндағандай, комбинатта Qarmet қажеттіліктері үшін сатып алынатын тауарлар, материалдар мен қызметтерді өндіру және жеткізу бойынша ШОБ кластері құрылған. Сондай-ақ, металлургиялық комбинаттың өзінде шығарылатын өнімді терең өңдеуге арналған өндірістік алаңдар жасақталған.

ШОБ кластері үшін Qarmet өте тартымды жағдайлар жасап отыр: ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндігі, сондай-ақ осы келісімшарттар аясында қосымша кепілсіз «Бәйтерек» холдингінің жеңілдетілген несиелендіруі қарастырылған. Бұл мүмкіндік кәсіпкерлер тарапынан үлкен қызығушылық туғызып, соған байланысты Ұлттық индустриялық палата (кеңес төрағасы – Болат Өтепбаев) осындай кездесу ұйымдастыруды ұсынған болатын.

Qarmet АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Виктор Иванов, басқарушы директор Ербол Исмаилов, қазақстандық қамтуды дамыту бағдарламасының басшысы Жандос Сарманов, материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі басқарушы Анна Левина, сату және маркетинг жөніндегі директордың орынбасары Андрей Тимошенко және Qarmet Services директорының орынбасары Максом Медекешев кластерге әлеуетті қатысушыларды іріктеу және офтейк-келісімшарттар жасау тәртібі туралы баяндап, нақты сұрақтарға жауап берді.

Көтерілген тақырыптар қатарында тоңазытқыш жабдықтары мен өзге де электротехникалық өнімдер өндіруге арналған мырышталған қаңылтыр жеткізуге деген қызығушылық; тік жікті құбырлар, металл конструкциялар өндірісін ұйымдастыру мәселелері айтылды. Өз кезегінде бірқатар кәсіпорындар сатылы диірмендерді, қорғаныс құралдарын, пайдаланылатын жабдықтарға арналған ауыстырмалы тораптар мен бөлшектерді өндіру және қызмет көрсетуге, цифрлық IT-шешімдер мен автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізуге дайын екендерін білдірді.

Кейін жеке келіссөздер сессиясында бизнес өкілдері кокс өндірісін құру, рельстік көлік құралдарын шығару, өндірістік қалдықтарды утилизациялау және басқа да нақты жобалардың перспективаларын талқылай алды.

Qarmet-тің өндірісті терең жаңғырту және шығарылатын металл прокатының ассортиментін кеңейту бағытындағы көп миллиардтық инвестициялары бұл келіссөздердің маңызын арттыра түседі. Сондықтан ШОБ кластеріне кіру кәсіпкерлерге тек бүгінгі мүмкіндіктерді ғана емес, болашақтағы зор әлеуетті де ашады.

«Ақ жол» демпартиясы кәсіпкерлері Индустриялды палата басшылығымен бірге Qarmet үшін тауар өндірісін ұйымдастыруға арналған (20 мың шаршы метр) бос өндірістік алаңдарды көріп шықса, ал қонақтардың бір бөлігі комбинат өнімін терең өңдеуге арналған алаңдармен танысты. Көрсетілген барлық ШОБ ғимараттары мен өндірістік платформалар қажетті электр қуатын қоса алғанда, инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

Сапар мазмұнды әрі нәтижелі өтті. Көптеген әріптестеріміз жақын уақытта осында практикалық жұмыс үшін қайта оралады деп ойлаймын.

Осы форумды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Qarmet компаниясына, жеке Андрей Сергеевич Лаврентьевке, сондай-ақ өзекті бастама көтерген Болат Өтепбаев бастаған Ұлттық индустриялды палатаға алғысымды білдіремін.