ЕЛІМІЗДЕ «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ФИЛИАЛДАРЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
2026 ж. 13 ақпан
94
0
Жаңа Конституция жобасын ашық әрі жалпыхалықтық талқылау үшін бес жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйым күш біріктіруге дайын екенін мәлімдеді. Кеше Астанада елдің қоғамдық-саяси күштерінің басын қосқан «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы құрылды. Осы бастаманың жалғасы ретінде өңірлік коалициялар еліміздің барлық аймағында ресми түрде жұмысын бастады. Олар Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіріп, азаматтармен тікелей кездесулер өткізеді.
Өңірлік коалициялар құрамына енген қоғамдық-саяси күштердің өкілдері Мемлекет басшысының Конституцияны жаңарту бағыты қоғамның әділдікке, заң үстемдігіне және тиімді мемлекеттік басқаруға деген сұранысын көрсететінін атап өтті. Президент өз сөзінде Конституцияны жаңарту ашық әрі адал қоғамдық диалогтың нәтижесі болуы тиіс екенін бірнеше рет айтқан.
Алғашқы өңірлік коалиция Қарағанды өңірінің аумағында құрылды. Аймақта халықты кеңінен ақпараттандыруға бағытталған 858 іс-шара мен қоғамдық акция өткізу жоспарланған.
Батыс Қазақстан облысы аумағында 700-ден астам ауқымды іс-шара ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұл жаңа Конституция жобасындағы өзгерістерді жан-жақты түсіндіруге, тұрғындардың пікірін ескеруге және ашық пікір алмасуға мүмкіндік береді. Қатысушылар жаңа Конституция ел болашағының бағдарын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.
Түркістан облысы бойынша өңірлік коалицияның 457 мүшесі барлық аудан мен қалада әртүрлі санаттағы тұрғындармен 1959 кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Облыста 1 млн 195 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Ақтөбе облысының аумағында да тұрғындармен тұрақты кездесулер ұйымдастырылып, 1300-ден астам іс-шара өткізу көзделген. Қатысушылар жаңа Конституцияны қабылдаудың тарихи маңызын кеңінен түсіндіру үшін қоғамның озық күштерін біріктіру қажет екенін атап өтті.
Жамбыл облысының коалиция мүшелері Жаңа Конституция жобасы саяси жүйені жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлікті, ғылым мен мәдениетті дамытуға, ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған стратегиялық басымдықтарға сәйкес келетінін атап өтті.
Алматы облысында өңірлік коалицияның 200-ден астам мүшесі белсенді түсіндіру жұмысын жүргізуге дайын екенін растады. Қатысушылар жаңа Конституция жобасы «Әділетті Қазақстан. Заң мен тәртіп» қағидатын негізге алатын жалпыхалықтық диалог нәтижесі екенін айтты.
Қызылорда облысының аумағында өңірлік және аумақтық коалициялар құрамында 349 адам бар, сондай-ақ 200-ден астам ерікті жұмылдырылған. Алдағы кезеңге арналған 695 іс-шарадан тұратын кешенді жоспар әзірленді. Қатысушылардың айтуынша, жаңа Негізгі заң қоғамдағы терең өзгерістер мен жаңа буынның жаңарған көзқарасына жауап ретінде қабылданады.
Павлодар өңірінде еңбек ұжымдарымен, сарапшылармен және тұрғындармен кездесулер, оның ішінде шалғай елді мекендерге бару жоспарланған. Коалиция мүшелері референдум тікелей демократияның маңызды құралы екенін және азаматтарға елдің саяси-құқықтық дамуының бағытын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қостанай облыстық коалициясының күн тәртібінде алдағы іс-қимыл жоспары, ұйымдастыру құрылымы және түсіндіру жұмысының негізгі бағыттары талқыланды.
Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде белгіленген отырыстар өткізілді және алдағы бір ай бойы коалиция мүшелері елдің барлық аймақтарына барып, еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымдастығымен және тұрғындармен кездесулер өткізеді, осылайша конституциялық өзгерістерді талқылауға азаматтарды кеңінен тарту мен ауқымды қоғамдық диалогты қамтамасыз етеді. Жаңа Конституция жобасы бойынша түпкілікті шешім 15 наурызда өтетін республикалық референдумда халықтың дауыс беруі арқылы қабылданады.