Жаңа Конституцияның қажеттілігі мен маңыздылығын көпшілік дұрыс қабылдап жатыр – Ерлан Қарин
2026 ж. 05 ақпан
69
0
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мазмұн, ұстаным, мағына, жаңашылдық, тілдік норма жағынан қолданыстағы Конституция мен жаңа Ата заңның арасындағы айырмашылық біршама екенін мәлімдеді.
Өз сөзін Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары реформаға қатысты түрлі хат пен пікір келіп түскенінен бастады. Оның пікірінше, жаңа Ата заңның қажеттілігі мен маңызын көпшілік дұрыс қабылдап жатыр екен.
Қолдау көрсеткен барша азаматтарға Конституциялық комиссия атынан алғыс айта отырып, Ерлан Қарин өзге де пікір айтушылардың барын жеткізді.
«Жаңа Конституцияны әуре боп қабылдаудың қандай қажеті бар еді?» немесе «Ескі Ата Заң қала берсін» дейтін пікірлер де кездесіп жатыр» деп айта келе ол әрбір отырыста қоғаммен кері байланыс орнатып, туындап отырған сұрақтарға үнемі үн қатып жүргеніне назар аударды.
Бұл жолы да Мемлкеттік хатшы туындаған бірқатар сұрақтарға жауап беріп, мысал ретінде 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциядан бір үзінді оқып берді.
«Қазіргі Ата Заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы». Осыдан не түсінуге болады?», – деп сұрады ол.
Оның пікірінше, мұны бірнеше рет оқыған адам да, тыңдаған адам да ештеңе түсінбейді. Ал мұндай түсініксіз сөйлемдерді, ұғынықсыз сөздерді қолданыстағы Атаң заңның көптеген баптары мен тармақтарынан кездестіруге болады.
«Асыра айтқандық емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата Заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама. Жаңа Конституцияны, ондағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де түсініп, қабылдай алатын болады. Ең бастысы – осы», – деді Ерлан Қарин.
Сөз соңында Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары мұндай жаңашылдықты жан-жақты түсіндіру керектігін айта келе, елдік істерге ақылмен, сындарлы көзқараспен, нақты жұмыспен, жасампаздықпен кірісу маңызды екенін атап өтті.