Қазыбек Иса Шымкенттегі қарттардың өзекті мәселелерін тыңдады

Қазыбек Иса Шымкенттегі қарттардың өзекті мәселелерін тыңдады

2026 жылғы 8 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Шымкент қаласындағы №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, қарттармен кездесті.

Кездесуге сондай-ақ «Ақ жол» ҚДП Шымкент қалалық филиалының төрағасының орынбасары Адай Кенжебайұлы Шуханов және партияның белсенді мүшелері қатысты.

Жиын барысында қариялар өздерінің тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік және медициналық қызмет көрсетуге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Аталған орталықта бүгінде 161 қария мемлекет қамқорлығында өмір сүруде. Оның ішінде 106 ер адам, 55 әйел, сондай-ақ 61 мүмкіндігі шектеулі жан бар.

Кездесу барысында қариялар медициналық қызметке қатысты өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда, сырқаттанған жағдайда қалалық ауруханалар қабылдамай, Сайрам ауданының ауруханасына немесе Түркістан облыстық ауруханасының Шымкент қаласында орналасқан клиникасына жіберілетінін айтып, сол медициналық мекемелерге тіркеуге алу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Өз кезегінде Парламент депутаты Қазыбек Иса бұл мәселені тиісті салалық басқармалар мен жауапты мекемелерге жеткізуді партия филиалы төрағасының орынбасары Адай Кенжебайұлына тапсырды.

Айта кету керек, Қазыбек Иса бұған дейін де Шымкенттегі Қарттар үйіне жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.

2022 жылы орталыққа көгілдір отын – газ тарту мәселесінде елеулі үлес қосып, бастапқыда 22 миллион теңге деп жоспарланған жобаны 11 миллион теңгеге жүзеге асыруға ықпал етті. Сонымен қатар мекеменің асханасын жаңғыртуға көмектесіп, қариялардың алғысына бөленді.

Ал 2024 жылдың қаңтар айында қарттардың қалалық қоғамдық көліктерде тегін жүруіне қатысты мәселені қала әкімдігімен бірлесе шешуге атсалысты.

Кездесу соңында орталық басшылығы мен қариялар Қазыбек Исаға көрсетіп жүрген қамқорлығы үшін ризашылықтарын білдіріп, ақжарма алғыстарын жеткізді.