Сауда министрі ШҚО-дағы жәрмеңке мен тұрақтандыру қорына барды
2025 ж. 18 қазан
68
0

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Өскемен қаласындағы «Алтай» көтерме-үлестіру орталығының аумағында өтіп жатқан Катонқарағай ауданының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне барды. Жәрмеңкеде Катонқарағай ауданы шамамен 2 тонна ауыл шаруашылығы өнімін ұсынды. Олардың қатарында 300 келі сиыр еті, 300 келі жылқы еті, 500 келі бал, 20 келі құрт, 20 келі сүзбе, 50 келі панта өнімі, 100 келі көкөніс және басқа да ауыл шаруашылығы тауарлары бар. 2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында жалпы сомасы 1,4 млрд теңгені құрайтын 425 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді.
Мұндай сауда форматы өңір тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие. Сатып алушылардың арасында фермерлерден тікелей жаңа әрі табиғи өнімдерді қолжетімді бағада сатып алу тұрақты тұтынушылық әдетке айналған.
Бұл бағалар нарықтағыдан орта есеппен 10–15% төмен.
Министр сондай-ақ «Ертіс» ӘКК-не барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру жұмысы барысымен танысты.
Өңірде ӘКК-мен әріптестікте жұмыс істейтін 27 сауда нүктесі бар, оның ішінде 15 жеке павильон және 12 серіктес сауда орны.
2025–2026 жылдардағы маусымаралық кезеңге қосымша 9,9 мың тонна жеміс-көкөніс өніміне келісімшарт жасалды.
Атап айтқанда 6080 тонна картоп,
1398 тонна сәбіз, 973 тонна пияз,
1456 тонна қырыққабат. Өнімді сату 1 қарашадан басталады. Қабылданған шаралар көкөністің сауда нүктелеріндегі тұрақты болуын және қыс мезгілінде бағаның өсуін ұстап тұруды қамтамасыз етеді. 2790 теңге көлемінде белгіленген баға бойынша нарықты сиыр етімен қамтамасыз ету үшін 71,6 тонна өнім сатып алуға 200 млн теңге несие бөлінген. Бұған қоса, 159,4 тонна сиыр етін жеткізу бойынша қосымша келісім жасалды.
«ӘКК жанындағы тұрақтандыру қорлары – бағаны тұрақтандырудың маңызды құралдарының бірі. Сондықтан жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты қор қалыптастыру аса маңызды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын одан әрі тұрақтандыру мақсатында біз отандық тауар өндірушілерден өнім сатып алуға арналған қаржыландыру көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын арзандатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, негізгі азық-түлік түрлері бойынша отандық өндірушілермен және сауда желілерімен көтерме және бөлшек бағаларды белгілеу туралы меморандумдарға қол қойылады. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңіріне арзандатылған сиыр етін тікелей жеткізу ұйымдастырылады», – деп атап өтті министр.