Ордабасы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды

Ордабасы ауданында әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Ордабасы ауданына барып, аудан активімен кең көлемді кездесу өткізді. Маңызды жиында аймақтың қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуалы, негізгі проблемалар мен даму перспективалары жан-жақты қарастырылды. Облыс басшысы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына талдау жасап, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Ол аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдеріне жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындау қажеттігін қадап айтты.

Кездесу барысында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев ауданның қазіргі даму көрсеткіштері жөнінде есеп беріп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, әлеуметтік саладағы жұмыстардың барысын баяндады. Сондай-ақ ауданның даму қарқынын арттыруға бағытталған жоспарларымен бөлісті. Отырыста басқарма басшылары өз салалары бойынша ұсыныстарын білдіріп, проблемалық тұстарды шешудің жолдарын атап өтті.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына тоқталып, олардың тиімді жүзеге асырылуы үшін бақылауды күшейтуді тапсырды. Әсіресе салық түсімдерін арттыру, кірістерді заңдастыру, ауылдық округтердің қаржылық тәуелділігін төмендету және жергілікті жобаларды уақтылы іске асыру мәселелеріне ерекше мән берді.

– Бюджетке тәуелділікті азайтып, экономиканы әртараптандыру – біздің стратегиялық мақсатымыз. Мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілуде. Ендігі кезекте жергілікті әкімдер нағыз нәтижеге бағытталған жұмыспен айналысуы тиіс. Кіріс көзін арттыруға қатысты шаралар жеткіліксіз. Бұл – жүйесіздіктің белгісі. Әрбір ауылдық округ әкімі өз аумағының даму көрсеткіштеріне жеке жауап береді. Ордабасы ауданы үшін ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инфрақұрылым негізгі тірек салалар болып белгіленді. Осы бағыттардағы жұмыстар жүйелі, нәтижелі және жауапкершілікпен атқарылуы тиіс, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жиын барысында ауданға инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту мәселелері де кеңінен талқыланды. Әкім аймақтың өндірістік әлеуетін арттыру арқылы халықты жұмыспен қамту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Ордабасы ауданының туризм саласындағы мүмкіндіктеріне назар аударылып, туристік нысандардың инфрақұрылымын жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, санитарлық тазалықты қатаң қадағалау бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі барлық деңгейдегі басшылардың бірлесе әрекет етуі қажет екенін ескертті. Мәслихат депутаттарына аудан әкімдігімен бірлесе отырып, инвестициялық жобаларды қолдауға белсенді араласу, әр округтегі әлеуетті бастамаларды зерделеп, олардың жүзеге асуына ықпал ету міндеттелді.

Ордабасы ауданында даму бағыты айқындалды. Әлеуметтік-экономикалық әлеуетті арттыру, өндіріс пен туризмді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту – аймақ басшысының басты назарындағы мәселелер болып қала бермек.