ЖОБА – КЕЛЕШЕКТІҢ СТИМУЛЫ

ЖОБА – КЕЛЕШЕКТІҢ СТИМУЛЫ

Адамзат өне бойы ұзақ өмір сүру құпияларын зерттеумен шұғылданып келеді. Бұл зерттеу жұмысының соңғы нүктесі әлі күнге қойылған жоқ. Дегенмен медицина ұзақ жасаудың сыры көп қимылдауда деп айтып жүр. Олай болса адам баласы өзінің денінің саулығын жақсарту үшін спорттық жаттығуларды жанына серік ету керек екен. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессорлары «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шкаласы ((WHOQOL-BREF) KАZ) көрсеткіштерін талдау негізінде жоғары оқу орны білімгерлерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру» атты гранттық жобамен айналысып жүр. «Дене мәдениеті» кафедрасының профессоры, п.ғ.д., жоба орындаушысы Бақытжан Қалжанұлы Мұхамеджанов мен «Педагогика және психология» кафедрасының профессоры, п.ғ.к. жобаның жетекші ғылыми қызметкері Талғат Әбубәкірұлы Данияровпен әңгімелесудің сәті түсті. 


Тілші: Сөзімізді бастамас бұрын жобаның маңыздылығына тоқтала кетсеңіз.

Бақытжан Қалжанұлы Мұхамеджанов: Бүгінгі таңда Қазақстанда күн тәртібінде тұрған әлеуметтік маңызы зор мәселенің бірі – халық денсаулығы. Салауатты өмір салты – адам үшін аса маңызды, денсаулықпен тікелей байланысты құнды форма. Ол адам мәдинетінің бір бөлігі. Ал денсаулық адам бақытының негізгі бөлігі. Қоғамның болашағы әрбір адам денсаулығына байланысты. Денсаулыққа тек дененің сыртқы бүтіндігі ғана деп қарау ағаттық, жалпы алғанда оны организмнің жан-жақты дамуымен бүкіл қызметтердің жүзеге дұрыс асырылуы деп ұққан жөн. Сонау ықылым заманнан бері, адам баласы ұзақ өмір сүрудің жолын қарастыруда. Кезінде осы қағиданың негізі болған Аристотельдің іліміне сүйенсек: «Жанды дене қозғалмаса өледі» деген тұжырымдамасы сол дәуірден бері адамзаттың ұзақ жасауының, яғни, салауатты өмір сүрудің негізгі ілімі болып табылады. Осылайша, адамзаттың жер бетінен жойылып кетуге қаупі бар тарихи кезеңде тұрғанда не істеу керек? Адам баласы қалай өмір сүру керек? Яғни, болашақ өмірді жалғастыру үшін бүкіл әлем бойынша әр халық өзінің ұлттық бейнесін және денсаулығын сақтауды қарастыруда. Салауатты өмір салтын қалыптастыру туралы сөз болғанда міндетті түрде ойға ұлттық құндылық, ұлттық болмыс қағидаттарының мазмұнына, оның тәрбиелік маңыздылығына сүйену қажеттігі туындайды.

Тілші: Ғылыми жобаның маңыздылығына қанықтық. Зерттеу жұмысында қандай әдістемелер қолданылды?

Бақытжан Қалжанұлы Мұхамеджанов: Елімізде білім алып жатқан «Дене шынықтыру және спорт» бөлімі студенттерінің өмір сүру сапасының деңгейін анықтау, осы мақсатта университет студенттерінің спорт туралы көзқарастарының және олардың салауатты өмір салтын ұстану деңгейінің қандай екенін анықтау үшін скринингтік модель қолдану қажет. Зерттеу, скринингтік модельдердің бірі болып табылатын екі немесе одан да көп айнымалылар арасында бірлескен алмасудың болуын анықтауға арналған реляциялық модельге сәйкес жасау, зерттеу нысаны ретінде спорт ғылымдары факультеттерінде оқитын студенттерге сауалнама жүргізу аса маңызды. Деректерді жинақтау үшін жасы, жынысы, отбасылық жағдайы және курсы туралы мәліметтер де қамтылған өзгермелі демографиялық форма, «Салауатты өмір салты шкаласы» (қазақша нұсқасы) қолдану және деректерді талдау кезінде қандай қалыптылық тесті жүргізу, деректердің әркелкі болуы себепті оларды талдауда параметрлік емес сынақтардан Mann Whitney-U, Kruskal Wallis-H және Spearman-ның корреляция коэффициентін қолдану және «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шкаласы ((WHOQOL-BREF) KАZ) көрсеткіштерін талдау негізінде жоғары оқу орны білімгерлерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру» секілді өзекті мәселелер туындап отыр.

Тілші: Жобаның күнтізбелік жоспарына сай атқарылып жатқан жұмыстардың барысынан хабардар етсеңіз нұр үстіне нұр болар еді.

Талғат Әбубәкірұлы Данияров: Жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес, Қазақстандағы қазіргі таңдағы жастардың салауатты өмір салты деңгейі әлем елдері Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы (WHOQOL-BREF) шкаласына қатысты мәліметтермен зерттелді. Халықаралық тәжірибемен салыстырылды. ДДСҰ-ның мәліметіне қарағанда, салауатты өмір сүру салтын ұстанған әлем елдері өмір сүру жасының, соның ішінде әйелдерде - 86,9, еркетерде - 81,5, ал орташа көрсеткіш - 84,3-ке жеткен. Керісінше, Қазақстан Республикасында соңғы жылдарда өлім-жітім көрсеткіші 29%, 1000 тұрғынға шаққанда 6,77 құрады. Қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім - 32,7%, обырдан -7,9%, жарақаттан - 5,3%-ды құрады. Осы жағдайларға орай, елімізде соңғы уақыттарда қабылданған шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 40%-ға дейін, өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту, инфекциялық емес ауруларды 7%-ға дейін төмендету, медициналық оңалту қызметтерімен 75%-ға дейін қамту күтілуде.

        Тілші: Еліміздің тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы дамыған елдерден қысқа екендігін зерттеу жұмыстары көрсетіп отыр екен. Ендігі маған қызықты сұрақ, біз өз өмірімізді қалай ұзартсақ болады? Жалпы адамдар өзінің денсаулығын қалай күту керек?  

Талғат Әбубәкірұлы Данияров: Иә, дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Елімізде адамдардың орташа өмір сүру жасы әлемдегі көптеген елдерден артта екенін, бұл жағдайды Қазақстан Республикасында экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық бағытта іргелі және қолданбалы зерттеу керек екендігін ескерсек, аталған жағдайдан бастау алуы керектігін атап өтуге болады. Тұрғындардың салауатты өмір сүру дағдысын мақсатты түрде қалыптастыру, бұл олардың денсаулығын қорғау, организмді шыңдау, денсаулығын жақсарту мен нығайтуға деген жауапкершілігін арттыру сияқты міндеттерін ұғындыру мәселелерінің шешуін табуды қажет етеді


          Адамның психологиялық, әлеуметтік, денсаулық, дене (физикалық) және қоғамдық жағдайына байланысты жасалған (WHOQOL-BREF-KAZ) шкаласындағы көрсеткіштер, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруда маңызды орын алады. Осы орайда, зерттеу тақырыбы аясында әдебиеттерге шолу жасалып, талданды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан әзірленген (WHOQOL-BREF) шкаласының әлемнің бірнеше тіліндегі нұсқаларына қол жекізілді. Әлемнің басқа да елдерінің ғалымдары тарапынан әзірленген (WHOQOL-BREF) шкаласының әлемдік деңгейде маңыздылығын білдіреді.

Тілші: Атқарылып жатқан әрбір жұмыстың теориялық сипаттамасы тәжірибемен ұштастырылады. Осы тұрғыда не айтар едіңіз?

Бақытжан Қалжанұлы Мұхамеджанов: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шкаласының ((WHOQOL-BREF) KАZ) жоғары оқу орны білімгерлерінің салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңыздылығы» тақырыбында семинар өткізілді. Семинарда келесі төмендегі бір топ ғалымдар баяндама жасады: 

       Эрдал Зорба – PhD доктор, профессор, Гази Университеті, «Спорттағы қабілет, жылдамдық, жаттығу және зерттеу» орталығының директоры (Түркия, Анкара);         

        Ниязов Асқар – профессор, Нүкүс Университеті, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі, (Өзбекстан, Нүкүс);

        Ермаханов Бағлан Өмірзақұлы – PhD доктор, доцент м.а., «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шкаласы ((WHOQOL-BREF) KAZ) көрсеткіштерін талдау негізінде жоғары оқу орны білімгерлерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру» жобасының жетекшісі;

        Данияров Талғат Абубакироич – п.ғ.к., профессор. «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шкаласы ((WHOQOL-BREF) KAZ) көрсеткіштерін талдау негізінде жоғары оқу орны білімгерлерінің салауатты өмір салтын қалыптастыру» жобасының жауапты орындаушысы. 

       Семинар барысында «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шкаласының ((WHOQOL-BREF) KАZ) жоғары оқу орны білімгерлерінің салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңыздылығы» ғылыми тұрғыда айқындалып, оның қазіргі таңда аса қажеттілігіне көз жеткізілді. 

       Ғылыми жобаны іске асыру барысында «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы оқытушыларына:

1. «Жоғары оқу орындарында салауатты өмір салтын қалыптастырудың инновациялық әдістерін зерттеу және оларды білім беру жүйесінде қолдану»; 

2. «(WHOQOL-BREF KAZ) шкаласын қолдану негізінде білімгерлер арасында салауатты өмір салты моделін құру» тақырыптарында біліктілік арттыру курстары өткізілді. Бұл курстардың мақсаты:

  - Білім беру жүйесі мен салауатты өмір салтын ұстану үлгісін құру мақсатында «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы оқытушыларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

  - Білімгерлер арасында салауатты өмір салтын тиімді қалыптастыру үшін оқытушыларға қажетті білім мен әдістемелік дағдыларды қамтамасыз ету;

 - Жоғары оқу орны оқытушылары мен 

білімгерлері арасында салауатты өмір салты 

моделін құру;

- (WHOQOL-BREF) KАZ шкаласын еліміздің 

жоғары оқу орны студенттері мен спорт саласына қолданысқа енгізу.

     Біліктілік арттыру курстарының нәтижесінде, 72 сағат көлеміндегі сертификаттар табысталды.

Тілші: Жоба аясында жеткен жетістіктердің ғылыми негізделуі туралы оқырманды құлақтандыра кетсеңіз.

Талғат Әбубәкірұлы Данияров: Бұған дейін айтып өткеніміздей, жобаның мақсатымен қатар атқарылған жұмыстардың бір сыпырасын тоқталған болатынбыз. Мәселен:

- Қазақстандағы қазіргі таңдағы жастардың салауатты өмір салты деңгейін әлем елдері ДДСҰ (WHOQOL-BREF) шкаласына қатысты мәліметтер зерттеледі және халықаралық тәжірибемен салыстырылады.

- (WHOQOL-BREF) KАZ шкаласында қамтылған көрсеткіштер жөнінде зерттеулер жүргізіледі, білімгерлерге қажеттілігі айқындалды.

- «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы оқытушыларына арналған семинар және біліктілік жетілдіру курстары ұйымдастырылды.

- Халықаралық конференция немесе республикалық конференцияға қатысып, 1 ғылыми мақала жарияланды. ҒЖБССҚК ұсынған рецензияланатын шетелдік және (немесе) отандық басылымда 2 мақала жарық көрді.

1. Ермаханов Б., Данияров Т. «Жоғары оқу орны білімгерлері арасында салауатты өмір салты шкаласын (WHOQOL-BREF-KAZ) қолданысқа ендіру» // Абай Атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті Хабаршысы «Педагогика ғылымдары» сериясына №3(79),2023. 235-246 бб. https://doi.org/10.51889/2959-5762.2023.79.3.020

2. Б. Ермаханов, Б. Мухамеджанов, А. Исаев, Т. Данияров, М. Исаев / Жоғары оқу орны білімгерлерінің салауатты өмір салтын қалыптастыруды ((WHOQOL-BREF) kaz) көрсеткіштері негізінде талдау// «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы» РҚБ «ХАЛЫҚ» ЖҚ Хабаршысы // Volume 5. Number 405 (2023), 88-102 https://doi.org/10.32014/2023.2518-1467.578

3. Ермаханов Б., Мухамеджанов Б., Омаров Б., Yaşam kalitesi ölçeği kisa formunun (WHOQOL-BREF-KAZ) kazak dilindeki geçerliliğİ // «Latın american international congress on social sciences and humanities -V» атты халықаралық конференция, September 1-3, 2023. Ankara, Türkiye. S. 98-102

Тілші: Ғылыми-зерттеу бағытындағы жоба жұмысына сәттілік тілейміз, атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беретініне сенім білдіреміз. Әңгімелеріңізге рақмет!

Асхат КЕҢЕС