30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫН

30 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙМЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫН

Білім алған Ахмет Ясауи Университеті Журналистика Кафедрасының құрылғанына биыл – 30 жыл. Атаулы күн, ерекше мейрам құтты болсын! Осы жылдар ішінде 25-тен астам буынды қанаттандырды. Біз оқуға түскен 2005 жылы Журналистика кафедрасы Халықаралық қатынастар факультетінің, кейін Түркология факультетінің құрамында болды. Десек те, шағын ғана 80-100 студенті бар кафедраның абыройы зор еді. Кез-келген жерде «Журналистика факультетінің студенттері» деп аталушы едік. Біздің алдымыздағы аға буын арасынан шыққан қаламгер, ақын, тележүргізуші, газет журналисі ретінде есімін қалыптастырғандар көп болатын. Оқытушы ағай-апайларымыз –Сейдолла Садықов, Бекжігіт Сердәлі, Нұралы Жылысбаев, Сақыпжамал Мұзаффарова, Әтіргүл Тәшімова, Асхат Садықов, Әлия Білдебекова әр топтан шыққан түлектерін мақтан тұтып, таныстырудан жалықпайтын. «Алма алмаға қарап рең алады» демекші, біз де сол алдыңғы буыннан асып түспесек те, кем болмауға, оқытушыларымыздың атына кір келтірмеуге тырысып, барымызды салатынбыз. 

Студенттік жылдардың естелігі өте көп. Алайда, мен бүгін Журналистика кафедрасының ең басты іс-шараларының бірі – «Ақ қауырсын» шығармашылық байқауы жайлы жақсы күндердің естелігін бөліскім келіп отыр. 

Үшінші курста оқып жүрген кезіміз. Қыс. Идея генераторы Бекжігіт ағай бірде аудиторияға келіп, «Ақ қауырсынның» жайын ақылдасты. Ағайдың мақсаты – байқауды аймақтық, сосын облыстық, біраз тәжірибе жинаған соң республикалық байқау етіп өткізу. Бекжігіт ағай идея генераторы ғана емес, қазіргінің тілімен мықты мотиватор! Ең әуелі, байқауды аймақтық етіп ұйымдастыру үшін Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан, Арыс қалалары мен Бәйдібек, Созақ, Отырар аудандарына таңдау түсті. Бұл бес аймақты қамту үшін әуелі жүлде қорын бекітіп, сосын облыстық білім басқармасына ұсыныс хатпен шығуымыз керек еді.

Жүлдені бекіту үшін сол кездегі университеттің вице-президенті Талжан Раимбердиевтің атына хат жазып, алдына ұсыныспен кірдік. Ондағы мақсат – көп ішінен озық шыққан талапкерге оқу грантын ұсыну. Жастарға деген көзқарасы ерек Талжан Пердешұлына ұсынысымыз ұнап, мәселенің шешілетінін айтты. 

Сәуір айының алғашқы онкүндігінде жоғарыда аталған 5 аймақта іріктеу кезеңі өтті. Аудандық білім бөлімдері өздеріне қарасты мектептердің 11-сынып оқушылары жазған шығармаларын жинақтап қойған. 

Уақыты келіп, қорытынды кезеңге шығармасы өткен 15 оқушы Түркістанға жиналды. Оларды университеттің тыныс-тіршілігімен таныстырдық. Қ.А.Ясауи кесенесіне зиярат етіп, мұражай аралап болған соң, салтанатты шараға жиналды. Аймақтық байқаудың бас жүлдесі Созақ ауданындағы Ә.Науаи мектебінің оқушысына (есімін ұмытып қалыппын) бұйырды. Алайда, дәл осы аймақтық байқаудан соң ақтық сынға қатысқан көптеген оқушы біздің университеттің студенті атанды. 

Бүгінде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Журналистика кафедрасынан қанаттанған қанша қаламгер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Халықаралық аренада да өзін мойындатқан аға-әпкелеріміз жетерлік. Санына емес, сапасына мән беріп, Журналистика кафедрасын рухани астанадағы журналистиканың шеберханасына айналдырып отырған ұстаздарымызға алғысымызды білдіріп, ерен еңбектеріне бас иеміз! 

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА, журналист