Run for Autism қайырымдылық жарысына қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті

Run for Autism қайырымдылық жарысына қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті

Бүгін Астанадағы Триатлон паркінде «Run for autism» қайырымдылық марафоны өтті.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.

Марафонға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, танымал боксшы Василий Левит сынды есімі белгілі азаматтармен қатар екі мыңнан астам қала тұрғыны қатысты. 

Сенат спикерінің атап өтуінше, мұндай шараны өткізу өте маңызды. Өйткені аутизм сынды проблема еліміз үшін аса өзекті. Осы ауруға шалдыққан адамдарға көмек көрсету, олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау маңызды. 

«2 323 адам, оның ішінде 1 098 ер адам және 1 100-ден астам әйел адам тіркелді. Адамдардың көптеп қатысуы мол үлес саналады. Өйткені, түскен қаражат балабақшалар мен мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға жұмсалады. Сонымен қатар бұл шара адамдар, барынша аутизм жайлы білуі үшін өткізіліп отыр. Аутизмге шалдыққан балалар да кез-келген бала сияқты мектепке, балабақшаға барып, білім алғысы келеді», - деді «Болашақ» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан. 

Жүгіру 1, 2,5, 5 және 10 шақырымда өтеді. Қатысу құны 5 990 және 8 990 теңгені құрады.

Run for Autism қайырымдылық жарысы қорытындыланған соң қатысушылардың барлығы «Таза Қазақстан» акциясына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қоқыстардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.

«Ерекше баламның аты-жөні – Әмір Алпамыс, ол 5 шақырымға, ал өзім 2,5 шақырым жүгіріп өттім. Бәрі ойдағыдай өтті. Шарадан кейін экоакцияға қатыстық.Балаларымызбен бірге көрермендер мен спортшылардан қалған қағаздар мен басқа да қалдықтарды жинап, арнайы орынға апардық. Балалар бізге қуана-қуана көмектесті. Жалпы аутизм, басқа да менталдық бұзылыстары бар балалар ересектерге қолғабыс еткенді, көмек көрсеткенді жақсы көреді. Біз ерекше балалардың қоғамға пайдалы бола алатынын, олардың әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін жиі айтып жүреміз. Бүгін міне жарыстан кейін бәрі жабылып, айналаны жинап жатыр. Көңіл-күйлері тамаша», - деді Әлия Абдибайтова.

Run for autism жарысынан 13 млн теңгеге жуық қаражат жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қаржы балабақшаларда аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабнеттерін ашуға бағытталады.