Түркістан: Бәйдібек ауданында 43 батыр анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды

Түркістан: Бәйдібек ауданында 43 батыр анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» табысталды

 Түркістан облысында көпбалалы отбасы саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Бәйдібек ауданында көпбалалы аналарға мемлекеттік награда табысталды. 

Аудан әкімінің орынбасары Бағдат Жанғазиев алтын құрсақты аналарды қабылдап, ҚР Президентінің Жарлығымен марапатталған ауданның көп балалы аналарына «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттарын табыстады. Аудан тұрғындары арасынан 12 ана «Алтын алқа» төсбелгісімен, 13 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен марапатталды. Жалпы 43 ана марапатқа ие болды. 

Айта кетейік, Бәйдібек ауданында 550-ге жуық «Алтын алқа» иегері және 1300-дей «Күміс алқа» иеленген ана тұрады. Сонымен қатар 145 «Батыр ана» мен 200-жуық І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандар бар. 18 жасқа дейінгі төрт баласы бар және одан да көпбалалы аналар саны – 2958. 

Көп бала табу ұлттық демографиямызды шешуде маңызды рөл атқарады. Және, ұлттық қауіпсіздікте өз үлесі бар. Демограф Мақаш Тәтімов, «Отбасында бір бала болса, ол ата-ананың біреуінің орнын жабады. Ал, екі бала ата-анасының орнын жабады. Үш баласы бар отбасы ғана ұлттық демографияны өсіреді» дейді. Демография мәселесін шешуде Түркістан облысы алдыңғы қатарда тұрғаны анық. Тұрмыстық-әлеуметтік ахуал қиын демей, отбасы құрған жастар ата-баба салтыннан ауытқымай «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады», деп бір-екі баламен тоқталмай, бес-алты баланы өмірге әкелуде. 

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға сәйкес алты баланы туып, тәрбиелеген көп балалы аналар алтыншы баласы бір жасқа толған кезде және қалған балалары тірі болған кезде «Күміс алқа» алқасымен, сондай ақ, жетінші баласы бір жасқа толған соң жеті одан көп бала туған аналар және қалған балалары тірі болған кезде «Алтын алқа» алқасымен марапатталады.  

Елімізде көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік жәрдемақылар берілу қарастырылған. 

Төрт балаға – 59 183 теңге,

Бес балаға – 73 988 теңге,

Алты балаға – 88 793 теңге,

Жеті балаға – 103 598 теңге, 

Сегіз және одан көп баласы бар отбсыларга 14 768 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы көрсетіледі.