Ұлттық тәрбие – отбасы берекесі

Ұлттық тәрбие – отбасы берекесі

1993 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының шешімімен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні деп бекітілген болатын. Біздің елімізде Отбасы күні 1994 жылдан бері аталып өтуде. Бәйдібек ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Халықарлық Отбасы күніне орай «Шаттыққа толы шаңырақ» атты отбасылық сайыс өткізілді. 

Байқаудың негізгі мақсаты – жас отбасылар арасында отбасы құндылықтарын насихаттау, республикалық мереке ретінде дәріптеу. Жастар мен жас отбасылар арасында саламаты өмір салтын дәріптеумен дені сау, рухы таза ұрпақ тәрбиелеу жұмыстары арқылы отбасы мүшелерін өзара түсіністікке ұйымшылдыққа тәрбиелеу болып табылады. 

Отбасылық жарысқа аудан әкімінің орынбасары Бағдат Пердебайұлы және Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары Пердебек Сержанұлы қатысып, жас отбасыларды мерекемен құттықтады. 

Сайысқа 10-ға жуық жас отбасы қатысып, өзара бақ сынасты. Жалпы, жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Таевтар отбасы жеңіп алды. Ал, 2-орынға Орынбековтер отбасы ие болды. 3-орынды Эшмурзаевтар отбасы иемденді. Сондай ақ «Көрермен көзайымы», «Үлгілі отбасы», «Білімді отбасы» тағы басқа номинациялармен марапаттап бағалы сыйлықтар табысталды. 

Отбасы – мемлекеттің іргетасы. Ата-бабамыз ертеңгі қазақ қоғамын құратын қоғам мүшесі, ұлтты қалыптастырушы деп балаға отбасынан берілетін тәлім-тәрбиеге аса мән берген. Обасынан берілетін ұлттық салт-дәстүрді, әдеб-ғұрыпты бала бойына сіңірген. Баланы өз тәрбиесімен емес, ұлт қалыптастырған тәрбиемен тәрбиелеген. Шетелдік зерттеуші Тянь-Шаньский қазақ халқының отбасынан берілетін салт-дәстүріне, әдеб-ғұрпына сүйсініп, «Қазақ халқын оқытып керегі жоқ, себебі қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеб-ғұрпы тұнып тұрған ғылым-білім, психология» деген. Кезінде, әлемді таңқалдырған қазақ халқының отбасы тәрбиесі осы күні неге ұмытыла бастады деген сұрақ көпшілікті ойландыруы мүмкін. Оның себебі тым әріде.  

XVII ғасырдың соңында тоқсанға жуық қазақтың айтулы әулие ақсақалдары, шешен, данышпан, билерін үш күн тыңдап барып, әз Тәуке хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бимен кеңесе отырып «Жеті жарғы» заңын жазды. Өмір жолы әр адамның отау құрудан басталады деген халқымыз жастайынан ұрпақ ұғымына отбасы салттарын сіңірген еді. «Жеті жарғы» заңында отбасы мен неке, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, әдебтілік жетілдіріліп, толықтырылған. Және, осы заң қазақ халқының күнделікті тірлігінде қазан төңкерісіне кеңес үкіметі орнағанға дейін қолданды. 1711 жылы қазақтың жер байлығына аса қызығушылықпен оны иемдену жолында әртүрлі қитұрқылық әрекеттерге барған патшалы ресейдің екі ғасыр бойы басын ауыртқан бас ауруын кеңес империясы жалғастырып, ақырында «Отбасы реформасын» жасау арқылы көздеген мақсаттарына жеткен еді. Отарлау мақсатында 1920 жылы ұлттың бетке ұстар, озық ойлы асыл азаматтарын аштыққа, қуғын-сүргінге ұшыратып, босытқан қызылдар енді қазақ халқын тілінен, ділінен, дінінен айырып орыстандыруда «қой терісін жамылған қасқыр саясатымен» қазақтарда әйел теңдігі жоқ дегенді сылтауратып отбасы мен әйелді саясат құралына айналдырды. Сол тұста қазақ әйелі ұжымдастыру желеуімен аяусыз қаналып, ауыр дене еңбегіне жегіліп жатты. Қазақтың билер кеңесі заманында ел билері қалыптастырған ішкі саясат пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін салт-дәстүр, әдет-ғұрып, әдеб заңдары яғни, иммунитеттер әлсіреп, нәтижесінде ұлттық ерекшеліктеріміздің жойылуына жол ашылды.