ҚР Премьер-министрінің орынбасары ҚазҰУ құрылысының II кезеңімен танысты
2023 ж. 10 сәуір
876
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновке ҚазҰУ қалашығы құрылысының ΙI даму кезеңі жайлы мәлімет беріп, жатақхана, оқу корпустары мен қызметтік тұрғын үйлер жобаларымен таныстырды.
Жұмыс тобы құрамында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және өзге де лауазымды тұлғалар бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 маусымда оқу ордасына келген сапарында ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарын қолдаған болатын. Жоспар бойынша қалашықта оқу ғимараттары, әкімшілік корпустар, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық пен технопарк және студенттер мен магистрларға, докторанттарға арналған жатақханалар бой көтереді.
Қазір студенттер қалашығында 3 гектар аумақта 12 мың орындық жатақхана құрылысына дайындық жүріп жатыр.
Университетте 24 мыңнан астам студент білім алуда, оның ішінде 12 мыңнан астам білім алушы жатақханаға мұқтаж. Сондықтан студенттер үйі университет тарихындағы ең ауқымды жобалардың бірі болмақ және білім алушылар арасында жатақханалардағы орын жетіспеушілігі мәселесін толығымен шешеді.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов ҚазҰУ-дың Процестік инновациялар орталығы, Инжиниринг және жоғары технологиялар кластері мен Жерді қашықтықтан зондтау орталықтарының жұмысымен танысып, ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми көрмесіне қатысты.
Көрмеде вице-премьерге наноматериалдар негізіндегі датчиктер, энергияны үнемдейтін шамдар, микробалдырлар негізіндегі биологиялық белсенді қоспалар, Қазақстанның табиғи шикізаты негізіндегі дәрілік препараттарды өндіру, қан тамырлары патологиясының алдын алу және емдеу, туристік цифрлық контентті жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтар, наноматериалдар негізіндегі суперконденсаторлар, депрессияның психофизиологиялық маркерлері және басқа да инновациялық жобалар таныстырылды.